Бүгін аудан әкімі Абат Шыныбеков Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың депутаты Досжан Тайшиев қатысты.

Көздіғара ауылында округ әкімі Сағидоқас Бисенғалиевтің есептік кездесуі кешегі аптада болып кетті. Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша аудан басшысы осы жолы арнайы келіп кездесіп отыр.

Тұрғындардың көтерген негізгі мәселесі - газ бен жол.
Ауыл тұрғыны Данагүл Рахымованың айтуынша, мердігерлер тұрғын үйді көгілдір отынға қосудың ішкі жұмыстары кезінде көп салғырттықтарға барған. Сол салғырттықтың зардабын тұрғындар көріп отыр. Мәселені тыңдаған "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Сырым аудандық филиалының басшысы Нұржан Жолдасбеков те мердігерлердің құжат жұмыстарын ұзақ уақытқа созып жіберуін алға тартып отыр. Бірақ мәселе қараусыз қалмайды, тиісті қам жасалынады. Себебі, қауіпсіздік - алдыңғы маңызда. Аудан әкімі Абат Шыныбеков тиісті басшыларға осыны тапсырды.
Көздіғаралықтар бұдан басқа да сауалдарына жауап алды. Оның ішінде ауыл тұрғыны Манас Алдамжаров көтерген ауылішілік жолдарды күтіп ұстау туралы мәселе қанағаттандырылатын болды. 
Аудан әкімі түстен кейін Сарой ауылдық округінің орталығындағы есептік кездесуге қатысады.