Бүгін Сырым ауданында «Кедергісіз келешек – жарқын болашақ кепілі» атты мүмкіндгі шектеулі жандар арасында фестиваль өтті. Қолөнермен шұғылданатын жандардың бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, байқау қатысушылары жұмыстарын аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке таныстырды.

Байқауға ауылдық округтерден 22 мүмкіндігі шектеулі жан қатысып, көркемсөз оқу, қолөнер көрмесі, аспапта ойнау, вокал аталымдары бойынша бақ сынады.

Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

 – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі, тағдыр сынағын көтеріп келетін азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамға етене араласып, өзінің орнын табуы үшін Үкіметтің алдына көптеген міндеттер қойған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Сырым ауданында да қолға алынды. Мейірбандық айлығы аясындағы  шаралар бастау алуда. Ауданда 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың қоғамға кірігіп кетуі үшін қабілетін көрсетіп, қоғамға пайдасын тигізем дегендер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. «Нұр шуағы» қоғамдық  бірлестігінде 8 жас тәрбие алуда. Бүгінгі фестиваль де  – соның бір жалғасы. Фестивальге  қатысушыларға сәттілік тілеймін! Алдарыңнан ақ күн тусын, дендеріңізге саулық тілеймін,- деді аудан басшысы.

Қазылар алқасының төрағасы «Nur Otan» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының  бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев болса, құрамында Батыс Қазақстан облысы мүгедектер еріктілер қоғамының Сырым аудандық филиалының төрағасы Аманжол Серғазиев, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Тыныштық Ғаббасова, суретші, дизайнер Арнұр Қажымов, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы  орталығының   үйрме жетекшісі Гүлім Ахметова, аудандық мәдениет үйінің оркестр жетекшісі Серік Сарғозиев, аудандық балалар саз мектебінің А.Ғұбайдуллин атындағы дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Дархан Қажығалиев, аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Армат Алдамжаров,  аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Еркегүл Өтенғалиева қазылық етті.

Көркемсөз оқу бойынша І орынды өз шығармасын оқыған Назыкеш Төлеуова жеңіп алса,  ІІ орын Аманбай Хамидуллин, ІІІ орын Нұржан Молданиязовқа бұйырды. Аспапта  ойнау аталымы бойынша  Берікқали Құбиев І, Аманбай Хамидуллин ІІ, Қобыланды Ихсанов ІІІ орындарға ие болды. Қолөнер көрмесі аталымы бойынша І орын Айсұлу Сағидуллина,  ІІ орын Айкөркем Есімова, ІІІ орын Қазбек Алмағамбетовке тиесілі болды. Вокал жанры бойынша дуэтпен ән шырқаған Орынбай Оразғалиев пен Елемес Жаңабергенов  І орынды иеленді. Фестивальде  бірінші орынды жеңіп алған өнерпаздар  облыстық кезеңге қатысады.