Кеше Сырым аудандық мәдениет үйінде «Балалар мен жасөспірімдер» шығармашылық орталығының маманы, «Драма» үйірмесінің жетекшісі Эльдар Аубекиров пен Сырым аудандық «Мәдени-демалыс» орталығының маманы Жоламан Еркіннің бастамасымен жастар театрының тұсауы кесілді. 

 Қазіргі таңда аудан бойынша «Жымпиты», «Бұлан» сынды халықтық театрлар бар. Ал енді құрылған жастардың басын біріктіруге сеп болатын жастар театрында 15 жас өз өнерлерін шыңдауда. Театрды ашудағы басты мақсат – жастарды өнерге баулу, театр өнерін кеңінен насихаттау, ауданымызда мәдениет пен өнерді дамыту дейді ұйымдастырушылар.

Сахна шымылдығы «Аружан» би тобының биімен ашылды. Театр барысында «Құрсақтан шыққан ашшы үн», «Анашым» сынды көкек аналардың өмірлерінің үзіндісі бейнеленетін монологтар оқылды. Өмірдің ащы шындығын бейнелейтін, «Той» атты комедиялық жанрда қойылым қойылды. Яғни, сахналық қойылым ақша өмірдің маңызы емес екендігін тұшымдайды. Жастарымыз сахналаған драма өзінің сапалы әртістік құрамымен ерекшеленді.
Театрдың екінші бөлімі «Екі дүние есігі» атты қойылыммен ашылды. Бұл қойылымда адамның дүние өмірден ақірет өмірге аттануы бейнеленеді. Шара барысында аудандық мәдениет қызметкерлері, мектеп оқушылары, облыстық «Қазақ драма театрының» қызметкерлері өнер көрсетті.
Рухани дамудың, мәдени қалыптасудың бір арнасына айналған театр өнері бүгінгі таңда айтарлықтай дамып келеді деді сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов. Және жастардың жұмысына сәттілік тіледі.
Театр «білектің ісі емес, жүректің ісі», сол себепті көрерменнің көкірек сезімін, көңіл көшін баурап, жүрегіне жол табу қажет. Бірінші рет өткізіліп отырған жастар театрында көптеген көкейкесті мәселелерді театр арқылы өнерпаздар жан-жақты көрсете білді.