Бүгін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев 25-28 қыркүйек аралығында  Алматы қаласында  Балуан Шолақ сарайында  өткен кадеттер арасында Әлем чемпионатына қатысып, 5 орын алған   Нұрсұлтан  Қайратұлы  Зайзағалиевті қабылдады.

Нұрсұлтан қабылдауға жаттықтырушысы Әскер Нұрмұхановпен бірге келді. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Ғалымов, ардагер спортшы Ғ.Қаналиев, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің директоры М.Ақбасов, сынып жетекшісі болған А.Нуфтиева, «Nur Otan» партиясының  Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Т.Дарғожиев, аудандық демалыс орталығының  директоры С.Тоқмамбетов, «Қайсар» спорт клубының директоры Е.Мұқанов, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Б.Ихсанов қатысты.
Нұрсұлтан Зайзағалиев 2003 жылы Қосарал ауылында дүниеге келді. 2009 жылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2010 жылдан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы дзюдо күресінен Әскер Нұрмұханов жетекшілік еткен үйірмеге қатысты.  Әп дегеннен-ақ, аудандық, облыстық жарыстарда жүлде иеленді. Нұрсұлтан 2016 жылы Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына оқуға қабылданды. Бірнеше дүркін облыста жеңімпаз атанды. 
Нұрсұлтан  Қайратұлы биыл дзюдо күресінен жасөсіпірімдер арасында ҚР жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 
Кездесу барысында ардагерлер Нұрсұлтанға ақ баталарын берсе, сынып жетекшісі А.Нуфтиева  Нұрсұлтанның күресін сыныптастары  үш сағат бойы тапжылмастан қарағанын айтты. Аудандық демалыс орталығының  директоры С.Тоқмамбетов аудан жастары, азаматтары Нұрсұлтанға ат мінгізетінімен қуантты. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Б.Ихсановтың айтуынша, «ЖайықСитиСтрой» ЖШС директоры Мереке Молдағалиев Нұрсұлтанға Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған кезінен бастап шәкіртақы тағайындаған екен.
Аудан әкімі Т.Төреғалиев Нұрсұлтан Зайзағалиевке ақшалай сыйлық табыс етті. Жас спортшы ел ағаларына алғысын білдірді.
Одан кейін Нұрсұлтан өзі білім алған Қ.Мырзалиев атындағы  орта мектепке барды. Мектеп ұстаздары мен оқушылары оны құрметпен қарсы алып, «Нұрсұлтан– чемпион!» деп ұрандатты. Н.Зайзағалиев ұстаздарға арналған «Ғалым да, дана да бас иетін, Ұстазым бар сенің қасиетің» атты мерекелік шараға қатысты.