Жұмыртқаның отаны. Жас кәсіпкер Дастан Сейітжановтың кішігірім тауық фермасын осылай атауға болатын сияқты. Шағын «ферма» иесіне күніге 70 жұмыртқадан береді.

Хайсекс Браун – тауықтың жұмыртқа өндірісі үшін өсірілетін түрі. Салмақтары 2 келіге дейін тартады. Бұл тұқымның дені аналық болады. Бір қызығы, бұл тауықтардың жұмыртқалауы үшін іске қораздың «араласуы» міндетті емес. Аналықтар автоматты түрде күндізгі сағат 10 мен 12 – нің арасында жұмыртқалайды. Құдды, «тірі жүрген аппарат» сияқты. 
Дастан замандасымыз бұл кәсіптің нәтижесі, табысы жайлы әбден ойланған. Ойланғаннан кейін барып, іске кіріскен. Ол осыдан алты ай бұрын «Ақас» агрофирмасынан Құспанкөл елді мекеніне 300 балапан алып келді. Қазір тауықжайда осылардың 180 басы жүр. Дін – аман. Жағдайлары жақсы. 
Дастан тауықжай үшін бұрын адамдар тұрған тұрғын үйді пайдаланып отыр. Үй төрт бөлмеге бөлінген. Төрт бөлменің төртеуі де толған тауық. Арасында қораздары да бар, әлбетте. 
Тауықжай күніне бір рет пеш арқылы жылыталады. Пешті Дастан ағашпен жағады. Бұл жақта не көп, ағаш көп. Тауықтардың ас мәзірі де қатты бақылауда. Олар үшін жем де, су да, шөп те, күл де, тіпті құм да – азық. Тауықтар азықтан тарығып жатқан жоқ. азықтан тарықпағасын, өнімі де жақсы. Жоғарыда айтқандай күніне – 70 жұмыртқа. Жұмыртқаны сату Дастан үшін мәселе емес. Округ басында да, Орал қаласында да жақсы сұраныс бар. Жұмыртқаның бір данасы – 35 теңге. 
Шаруашылықпен танысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков жас кәсіпкердің еңбегіне сәттілік тіледі. Сол сәттілікті саған біз де тілейміз, Дәке!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Сырым ауданы