Кеше Алғабас ауылдық округінде аудан әкімі Абат Шыныбеков және округ әкімі Өркен Әменов тұрғындар алдында жылдық жұмыс қорытындылары жөнінде есептерін берді. Есептік кездесуге ауыл тұрғындары, аудандағы сала басшылары және аудандық мәслихаттың депутаты Санат Берсебаев қатысты.

Әкімдердің жасаған жұмысына алғабастықтардың алғыстан басқа айтары жоқ. Дегенмен айтары бар тұрғындар да болды. 
Ауыл тұрғыны Таңсұлу Сартпанова ауылдағы ауыз судың сапасына қатысты сын айтты. Бұл мәселеден аудан әкімі Абат Шыныбековтың әуелден хабардар екенін айта кеткен дұрыс. 
Алғабас ауылының орталығында коммуналдық үй бар. Үйдің тозығы жеткен, апатты жағдайда тұр. Осы үйдің тұрғындары есептік кездесуде жаңа баспана туралы мәселе көтерді. Аудан басшысы өзінің ұсыныстарын айтты. Оның ішінде көшіру мәселесі бірінші болып талқыланды. Бірақ, жаңа үйлердің салынбайтыны әбден анық. Байқауымызға қарағанда, қай – қай шаруа да аз қаржыны талап етіп тұрмаған сияқты. Билік ұсыныстар берді. Шешімді тұрғындардың өзі қабылдайды. 
Алғабас ауылдық округінің орталығындағы есептік жиын қоғамдық мәселелердің көп көтерілуімен көзге түсті. Алғабастықтар бір жиында жұмыс берушілердің жұмысшылармен арада еңбек шартын жасаспайтындығы, көшедегі жарықшамды көбейту әрі электрүнемдегі шамдарға ауыстыру, мәдениет саласына көңіл бөлу, ауылдың кіреберіс жолының жанына, ауыл ішіне ағаш көшеттерін отырғызу сияқты мәселелерді айтты. Тұрғындардың ауылға мешіт салу керек деген ұсынысы да бар. Ұсынысты қолдаушы қоғам белсенділері табылса, әкімдер кез – келген көмекті қылуға қам жасап отыр. 
Осы күні Алғабас ауылдық округінің жаңа учаскелік полиция инспекторы Руслан Жұмаев халыққа таныстырылды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы