Кеше Талдыбұлақ ауылдық округінің орталығында аудан әкімі Абат Шыныбеков және округ әкімі Қарлығаш Исатаева жергілікті тұрғындар үшін есептік кездесу өткізді. Бұл аудан бойынша округ орталықтарында болып жатқан әкімдердің есептік кездесуінің рет жағынан алтыншысы болып отыр.

Әкімдер жасаған жұмыстары туралы хабарламаларында кеңірек айтты. Аудан әкімінің баяндамасында бар ақпарат онсыз да Сырым ауданының 2016 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы жайлы бейнебаянда бейнелі, баянды түрде көрсетілді. Ауданның әкімі өзінің сөзінде аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жайлы көбірек кідіріс жасады. Әкімнің одан арғы әңгімесі Талдыбұлақ ауылдық округінің ерекшелігі мен мүмкіндігі туралы болды. Бұл округте ауылшаруашылық жұмыстары да, кәсіпкерлік қызметтер де жақсы жолға қойылған. Округ орталығы көгілдір отынның да, «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы таза ауыз судың да игілігін көріп отыр. Әлеуметтік нысандар жақсы жұмыс жасап тұр. 
Тұрғындар өздерінің кезегінде ауыл іргесіндегі бөгетті қалпына келтіру туралы ұсыныс айтты. Бұралқы иттерді жою мәселесі де осы округте кездесті. «Көктөбе» ЖШС ветеринар мамандардың қадағалауына жататын кейбір мәселелерді атады. Сауалдар қойылды, жауаптар берілді. 
Есептік кездесу барысында «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақ» банкінің өкілі Талғат Өтеғали банк ұсынатын мүмкіндіктер туралы хабарламасын айтты. Еске сала кетейік, кешелі бері Сырым ауданында жаңағы банктің апталығы өтіп жатыр. 
Ауыл тұрғындары әкімдердің есебі қанағаттанарлық деген баға берді. Жиналыстың түпкі түйіні – осы.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Сырым ауданы