Бүгін аудандық мәдениет үйінде  «Сырымнан шыққан жас ғалым» атты Назарбаев  университетінің ғылыми қызметкері, жас физик ғалым, физика ғылымдары бойынша  PhD доктор, жерлесіміз Нұрхат Жакиевпен кездесу кеші өтті. Кешті Мұқадес Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырып, айтыскер-ақын, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Ширмединұлы жүргізді.
Аудандық мәдениет үйінің фойесінде  Н.Жакиев туралы  көрме ұйымдастырылып,  онымен кітапханашы Гүлім Жантурина таныстырды. Ғалымның жетістіктері, «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасына енгені, баспасөз беттеріне берген сұхбаты туралы айтып, фотосуреттерімен таныстырды. «Жетістікке жүз қадам»  жобасы бойынша  «Рухани жаңғыру» сериясымен аудандық кітапханаға келіп жатқан әдебиеттерді жастарға насихаттады. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен  аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының  «Жас техник» үйірмесінің жұмыстары таныстырылды.
Лед экраннан Нұрхат Қуандықұлының өмірі мен еңбек жолына арналған «Жүз есімнен– бір есім» атты бейнефильм көрермен назарына ұсынылды.
Нұрхат Қуандықұлы елмен кездесуде толқынысы мен тебіренісін жасырмады. Ол Назарбаев университетінде аға ғылыми қызметкер болып жасайды. Университеттегі «Жас ғалымдар»  клубының мүшесі. Негізгі мамандығы – физикалық процесстерді компьютерлік модельдеу. Осы тақырыпта Нұрхат Қуандықұлы докторлық диссертация қорғады, ғылыми мақалалар жариялап жүр.  Еліміздегі беделді жоғары оқу орындарындағы  ғылыми жұмыстарды рецензиялайды. Н. Жакиев өзінің еңбегін, ғылым жолын слайд арқылы көрсетіп, түсіндірді. Ғылымның ауыр жолында әлемдік деңгейде танымал болған Нұрхат компьютерлік технологияның, ақпараттың, ғаламтордың қолданылуындағы біздің ел мен шетелдің айырмасын  түсіндірді. Ғылым күнде дамып жатқандықтан, білімді жетілдіріп, конференцияларға қатысатынын айтты.
–  Ғылымда шешілетін есептер– жаһандық есептер. Американың, Африканың немесе қытайдың ғалымдары шығара алмай жатқан есепке  мың адамның бірі болып, өз үлесіңді қосып, алға жылжытуға тырысасың, -дейді судың тамшысының жылжуын зерттеп, жетістікке жеткен Нұрхат Қуандықұлы.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Нұрхат Жакиевке алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Сырымдық ғалымның ғылымға деген қызығушылығын оятқан ұстаздары Ким Федянин, Алмагүл Қайырбаева,  Зәуреш Ишанғалиева, сыныптасы Ерболат Исанов Нұрхаттың кішкене күнінен білімпаз, зерек болып өскенін айтты.

 

.