Шәпеновтер отбасы Құспанкөлде әуелден бері тұрады. Отағасы Болат пен Тамара жеңгей екеуі де - қарапайым шаруа адамдар. Шаруа адамы болғаннан кейін олардың шаруа жасағылары келеді. Бәкең де, жеңгей де тұрақты жұмыста жоқ. Балалар үшін мемлекеттен беретін жырымдай жәрдемақы қай шаруаны оқсатуға жетсін? Ниет бар, бірақ мүмкіндік жоқ еді оларда. Мүмкіндік енді туды. Олар мемлекеттік «Өрлеу» бағдарламасына қатысты.
«Өрлеу» бағдарламасы - әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен отбасына шартты ақшалай көмек беру бағдарламасы. Жоба жұмысқа тұруға, мамандыққа оқуға, қайта даярлауға, сонымен қатар жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға және әлеуметтік жұмыс орындарына ықпал етеді. 
Шәпеновтер осы бағдарлама арқылы мемлекеттен берілген 150 000 теңге көлеміндегі шартсыз қаражатқа 1 баспақ пен 4 қой сатып алды. Олар енді осы малдың басын көбейтуге жұмыстанады. 
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықовтың айтуынша, бұл отбасы жылдың екінші жартысына қарай тағы қаржыландырылуы мүмкін. Қаржы беріледі, бірақ әлеуметтік жағдайының төмендігі үшін жанұяға берілетін жәрдемақы жыл бойына тоқтатылмайды. Тіпті, отбасының жұмысқа қабілетті мүшелері тұрақты жұмыстарға орналастырылады. Бағдарламаның талабында осындай тұстар бар. Бәрі де – тұрғындардың тұрмыстық ахуалын арттыру үшін. 
Кеше Аудан әкімі Абат Шыныбеков өзінің бір топ әріптестерімен бірге барып, Шәпеновтердің шаруашылығымен танысты. Мал иесі Болат Шәпенов ірі қараны бордақылаумен айналысуға да ыңғай білдіріп отырғанын айтады.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы