Біздің балықты бөтен адамдар неге аулайды? – дейді шолақаңтылықтар
Сырым ауданындағы әкімдердің округ орталықтарындағы есептік кездесулері жалғасуда. Бейсенбі күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығындағы есептік жиынға қатысты.

Шолақаңқаты ауылдық округі – ауылшаруашылықтық округ. Округ бойынша 49 шаруа қожалығы, 5 сауда нүктелері, 1 наубайхана, 2 қымыз өндіру, 1 май өндіру цехтары жұмыс жасайды. Мал шаруашылығымен 2 несие серіктестігі айналысады, әрі 1 ауылдық тұтыну кооперативі тағы тіркелген. Өңірдегі 1 шаруашылық осы көктемде балық шаруашылығының негізгі жұмыстарына кіріспек. 
Округ ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға да үлкен құлшыныспен қатысуда. «Өрлеу» бағдарламасы аясында округтің аз қамтылған отбасыларына барлығы 4 ірі қара малы, 5 ұсақ мал алынып беріліпті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 1 кәсіпкер 2,0 млн теңгеге несие алып, өзінің кафесін жаңа жөндеуден өткізді. Шолақаңқаты ауылдық округінің аудан орталығы мен облыс орталығында ұйымдастырылатын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде ең көп өнім шығаратын бірден – бір округ екенін және айтып кеткеніміз дұрыс сияқты. Осындай жұмыстар бар. 
Округтің осы ерекшелігі мен алдағы мүмкіндіктері жайлы өзінің баяндамасында округ әкімі Тимур Айтқалиев те, аудан әкімі Абат Шыныбеков та айтты. Аудан басшысы шаруалар үшін нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағытында ұсынылған мемлекеттің жаңа мүмкіндіктері туралы да ақпараттарға тоқталып өтті. 
Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағынан Аңқаты өзені ағып өтеді. Аңқаты өзені – Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тізбесіне кіреді. Өзеннің балық қоры мол, әрі ағаш көмкерген аңғары да көрген көзге әсемдік тудырады. Былай айтқанда, туризмдік тартымдылығы бар. Сондықтан да болар, Аңқатының жағасы қысы – жазы қармақ, қайық арқалаған балықшылардан арылмайды. Олардың арасында көршілес Ресей Федерациясының да азаматтары жиі жүреді. Әрине, бұлардың бәрінде балық аулауға заңды рұқсат бола бермейді. Сондай балықшыларды заң неге тәртіпке салмайды? Неге тексермейді? Сырым ауданының табиғи ресурсын кім қорғайды? Біздің балықты бөтен адамдар неге аулайды? Ауыл тұрғыны Дина Құрмашеваның кездесуде көтерген жанайқайы – осы!
Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Абат Шыныбеков те азамат ретіндегі алаңдаушылығын білдірді. Тиісті жауапты білмекке Сырым ауданының жергілікті полициясының бастығы Талғат Кенжеахметовты, жергілікті учаскелік полиция инспекторы Арман Тұмағалиевті орындарынан тұрғызды. Қанағаттанарлық жауап болмады. Аудан әкімі тексерісті атүсті жүргізетін, тыңғылықты жұмыс ұйымдастырмайтын полиция қызметін қауқарсыздығы үшін сынға алды. Мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. 
Есептік кездесуде назарымызға іліккен негізгі мәселенің біреуі жаңағыдай. Кездесуге келген көпшілік әкімдердің жалпы жұмыстарына оң пікір білдіруде.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Сырым ауданы