Бүгін Сырым ауданының шаруалары ауылшаруашылық күнін атап өтті. Шараның ашылу салтанатында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, 2019 жылдың сырымдық еңбекшілер үшін табысты болғанын айтты.


Ресми бөлімде Сырым ауданының ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік саласына үлес қосқан бірқатар азаматтар Батыс Қазақстан облысы ауылшаруашылы басқармасы, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық – инновациялық даму басқармасы, облыстық ветеринария басқармасы, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалы, республикалық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы, облыстық ветеринарлық зертхана секілді мекемелердің алғыс хатымен марапатталды. Осы секілді«Үздік кәсіпкер», «Қойдан төл алудағы жетістігі үшін!», «Ірі қарадан төл алудағы жетістігі үшін!», «Цифрландыру әдісін меңгерген үздік шаруашылық», «Үздік шопан», «Үздік бақташы», «Үздік зоотехник», «Үздік механизатор», «Үздік ветеринар», «Үздік комбайншы» сияқты бірқатар аталымдардың иелеріне Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің арнайы дипломы табысталды. Ерекше айта кететін жайт, өз саласының үздіктері мен озаттарына жергілікті билік қана емес, шаруашылықтардың өздері де лайықты марапат жасады. Мәселен, «Жібек жолы» шаруа қожалығы «Үздік зоотехник» атанған Алдаберген Мырзағалиевтің жанұясына шипажайға жолдама берді. «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік комбайншылар» Ғарифолла Тастеміров, Армат Елемесов және Нұрлыбек Айтқұловқа 50 мың теңге сыйақы берді. 100 биеден 75 құлын алған  Нұрқанат Жайғожиевке «Иманғали» шаруа қожалығы алтын сағат тақты. «Бекжан» шаруашылығы «Үздік механизатор» Бектұрған Жаймановтың балаларына велосипед сыйлады. Жылдың «Үздік жылқышысы» атанған Иманғали Өтеповке «Сауғабай» шаруа қожалығы ат мінгізіп, шапан жапты.
Үздіктер мен озаттардың шеруі тойтөбедегі ұлан – асыр тойға ұласты. Тойтөбеге халықтың дені бәйге көруге келді. Осы жолы бәйгені тайлар емес, тазылар бастады. аңшы иттердің әбжілдігі мен жүйріктігін сынайтын қоян шалу жарысында сырымдық Рүстем Мағзомовтың «Лашыны» топ жарды.
Тазылардан кейін жарыс жолына тайлар шықты. 6 шақырымдық жарыста 20 шақты тайдың ішінен Ақтөбенің Қобдасының намысын үшін  Мәлік Суликанов қосқан «Арамис» атты тай бірінші келді. Құнандардың бәйгесін Ақтөбеден келген Жұмаш Ізбасаровтың «Ақберені» жеңіп алды. Аламан бәйгенің де бас жүлдесі Ақтөбеге кетті. Жарыс жолына түскеннен – ақ алдына қара салмай, 24 шақырымды дара шауып өткен Марат Көшеровтің «Самға» атты сәйгүлігіне тамсанбаған адам болмады. Жүлдегерлер ішінде облыс аудандарының және Атырау облысы, Қызылқоға ауданының жүйріктері бар екенін айта кетейік. Аламан бәйгеде үшінші жүлдені Бағдат Тахамбетов қосқан «Тасқын» Сырым еліне алып қалды.
Аударыспақта Сырым ауданының жігіттері өте сәтті өнер көрсетті. Ауданның тумасы, бүгінде облыстық көкпар командасының мүшесі, белгілі шабандоз Ақтілек Сәрсенов финалда өлеңтілік Төлеби Қайыржановпен кездесіп, жеңімпаз атанды. Түйе палуандар арасындағы күресте сырымдық Айбол Оразғалиев барлық белдесуін таза жеңіспен аяқтап, жеңімпаз атанды.
Қой көтеру сайысында жігіттердің көрсеткіші тең болып, жүлдені бөлісіп алды.
Тойтөбенің басында дала қызықтары дамылсыз дүбірлеп, жұрттың көбі сол қызықты тамашалаумен күнді орталады. Әнге, өнерге құмар көрермендерге ауданның көркемөнерпаздары сыртқы сахнада керемет концерт қойды. Ұйымдастырушылар халық үшін ауылшаруашылық көрмесін де дайындаған екен. Жаңа техникалар, асыл тұқымды малдар, үй құстары, егіс пен бақша өнімдері – тамашалаушылар көз тоқтатарлық көрініс болды. Елге келген меймандар үшін ауыл тігілді. Ауылдың айналасында саудагерлер саудасын қыздырып жатты.
Сырымдағы ауылшаруашылық тойының бедер – бейнесі осындай болды. Марапаттардың нақты кімдерге тапсырылғаны, бәйгенің қалай өткені, жүйріктердің жанкешті шабысы, берілген жүлделер толық айтылатын көлемді мақаланы «Сырым елі» газетінің алдағы санынан немесе www.syrymely.kz сайтынан оқи аласыздар!

.