Бүгін Орал қаласында "Jas Otan" жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы және Қ. Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен "Жырласа жастар жырласын!" атты облыстық оқушылар мен жастар айтысы өтті.

14 ақын қатысқан аламанда Ж. Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп - балабақша кешенінің 11 сынып оқушысы Қоңдыкер Елеуов І орын иегері атанды. Жеңімпазға 100 000 теңгенің сертификаты берілді. Ал Қ. Мырзалиев атындағы мектептің 7 сынып оқушысы Ерасыл Өміржан ІІІ орын алды.
Қараша айының 23 күні Сырым ауданында айтыс мектебінің ресми ашылуы өтеді. Қоңдыкер мен Ерасыл - осы мектептің алғашқы шәкірттері. Қоңдыкер Елеуов ақжайықтық ақын Абылайхан Мақсұтовтан басым болса, Ерасыл Өміржан Ақжайық ауданы, Алмалы ауылының ақыны Нұрлан Қадырашпен болған айтыста жарқырай көрінді. Айта кетейік, екі ақын да айтыста алғашқы рет өнер көрсетті.
Жас айтыскерлерді домбыраға баулыған аудандық балалар саз мектебінің дәстүрлі ән сыныбының оқытушы Дархан Қажығалиев және оларды айтысқа дайындаған айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы ұйымдастырушылар атынан алғыс хатпен марапатталды.

.