Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, "Ерен еңбегі үшін", "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгілерінің иегері, халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегері, "Сырым ауданының құрметті азаматы", ақын Бауыржан Халиолланың 40 жас мерейтойына арналған шаралар аудан орталығында сабақтасты.

Аудандық мәдениет үйі жанынан Жүрсін Ерман атындағы ақындар мектебі ашылды. Сыныптың ашылу салтанатында ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, "Сырым ауданының құрметті азаматы" Махмет Қажиахметов сөз сөйлеп: 
– Облыста айтыс өнерінің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Жаңыл Жұрмағамбетова, Нығмет Нағымов, Асқар Сұлтанов, Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Қатимолла Бердіғалиев, Мэлс Қосымбаевтардың ізін жалғаған Бауыржан Халиолла да аз уақыттың ішінде айтыскер ақын ретінде танылды. Осындай азамат туған жерде айтыс мектебі ашылып, оған айтыстың атасы, абызы Жүрсін Ерманның есімі берілуі елдің мерейін  өсірді, - деді.
Айтыс мектебінің жас ақындары Қоңдыкер Елеуов пен Ерасыл Өміржан Орал қаласында өткен "Жырласа, жастар жырласын" атты жас ақындар айтысында 1 және 3 жүлделі орындарға ие болған еді. Айтыста қанатын жаңадан қаға бастаған екі жас ақын көптің алдында арнауларын айтты.
Сырым айтыс мектебін салтанатты ашу рәсімі кеңестік және қазақстандық кино және театр актеры, КСРО және Қазақстан Республикасының  Халық әртісі, аңыз-адам Асанәлі Әшімовке ұсынылды.

 

.