Аудан орталығы Жымпитыдағы мәдени - спорт кешеніне күрделі жөндеу жасау мәселесі осыған дейін аудан әкімінің есептік жиындарында, ҚР Парламенті депутаттарының жұмыс сапарлары барысында бірнеше мәрте көтерілді.

 

Журналист Шынар Молданиязова аудандық "Сырым елі" қоғамдық - саяси газетіне "Қадыр алаңындағы қадірсіз ғимарат" деп мақала жариялап, талай чемпионның бұғанасын бекітіп, белін қатайтқан киелі шаңырақтың, бұқаралық қолданыстағы спорт кешенінің әбден тозғанын айтып, ғимараттың жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталмаса, жобалық - сметалық құжаттың мерзімі өтіп кетеді деп дабыл қақты. Мәселе кейін "Орал өңірі" газеті арқылы облыстың назарына шықты.
Жуырда қуанышты жаңалық орын алды. Желтоқсан айының басында мәдени - спорт кешенін күрделі жөндеу жұмыстары басталды.


Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев нысанда болып, жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі мердігер "Сәтті - сәулет" ЖШС - не кешеннің спортшылар үшін барынша қолайлы болуын жүзеге асыруды, ол үшін жұмыстарды сапалы жасауды тапсырды.