Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі, комиссия төрағасы Төлеген Төреғалиев төрағалық етті.

Комиссия отырысына комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты. Комиссияға төрағалық етуші Төлеген Серікқалиұлы отырысты кіріспе сөз сөйлеп ашып, бүгінгі қаралғалы отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселеге орай Жымпиты, Жетікөл ауылдық округінің әкімдері Бекболат Мухамбетжан, Салауат Ғабдуллин "Ауылдық округтердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы" хабарламалар жасаса, "Аудандық полиция бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы" аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақтығали Қожахметов, "Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде мемлекеттік қызмет көрсету барысында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу туралы" бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев хабарламалар жасады.
Хабарламалар тыңдалып болған соң комиссия төрағасы Төлеген Төреғалиев әрбір мекемелерде, жұмыс орындарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қатаң шаралар қолға алынуы қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ малдарға анықтама беру, таңбалау, қызметтік көлікті жеке мүддеге пайдалану, жер бөлу, тұрғын үй кезегі, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, балабақша кезегі сияқты мәселелерге мұқият, жауапкершілікпен қарау тұрғысында да баса айтылды.
Отырыстың екінші бөлімінде Сырым ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомстволық комиссия отырысының күн тәртібіне "Учаскелік полиция инспекторларымен 2019 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы туралы" аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақтығали Қожахметов хабардар етті.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері тарапынан сауалдар қойылып, нақты жауаптар қайтарылды.