Бүгін Сырым ауданы бойынша аудан әкімі А.Шыныбековтың, ауылдық округтер әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі Жосалы ауылдық округінде өтті. Кездесуге ауылдық округтің мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, шаруашылық құрылым басшылары, ауыл тұрғындары қатысты. Жиынға Жосалы ауылдық округінің әкімі Қ.Ғабдешов төрағалық етті. 
Тұрғындар мен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептік кездесу. Өйткені мұнда халық өңірдің дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады. Алғашқы болып сөз алған Жосалы ауылдық округінің әкімі Қ.Ғабдешов осы елді мекеннің тұрғындарының алдында бір жыл бойы жүргізілген жұмыстар жайында есеп берді. Жергілікті халық алдында ауылдық округ әкімі атқарылған тірліктер мен алдағы жоспарларға кеңінен талдау жасады. 
Маңызды жиындардың бірі болып Жосалы ауылында өткен есеп беру кездесуінде күн тәртібіндегі мәселеге байланысты сөз сөйлеген аудан әкімі А.Шыныбеков 2016 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Аудан әкімі өз сөзінде жыл басында барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында өткен жылда атқарған жұмыстарды саралады.
Сондай-ақ кездесулер нәтижесінде көтерілген ауыз су, жол, білім беру саласы, коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелерді қамтитын іс-шаралар жоспарының орындалып, электр желісі, байланыс, жол мәселелері бақылауға қойылғандығын атап өтті. Жалпы, мешін жылы еліміз үшін берекелі де табысты, тарихи маңызы бар кең ауқымды іс-шаралар жылы болды. Елдің бірлігі бекіп, ынтымағы одан әрі нығайды. Аудан әкімі 2016 жылдың басты жаңалықтарына тоқталып өтті. Сондай-ақ алдағы жоспарлармен де бөлісті. 
Жарыссөзге жазылған ЖББ А.Жұмағалиев атындағы орта мектеп директоры А.Тажғалиев округ әкімінің есебіне оң бағасын берді. Және де мектеп автобусының ескіруіне байланысты жөндеуден өткізуін сұрап, сондай-ақ мектепке интернет желісі тартылса деген ұсыныс білдірді.
Тұрғындардың тарапынан қойылған барлық сауалнамаларға, өтініш-тілектерге жауап берілді.
Жиналысты ауыл әкімі Қ.Ғабдешов қорытындылады.

Үміт Жәңгірова