Сырым ауданы бойынша 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек 620 жанұяға, соның ішінде 3036 адамға тағайындалып, оларға 318 млн 743 мың теңге төленген.

75 отбасы әлеуметтік көмекті бір реттік төлеммен алуға өтініш білдірген. Алайда, 13 - і көмекті мақсатсыз пайдаланып, шаруаға жаратпаған. Ал, 62 отбасы тағайындалған көмекке 98 ірі қара, 179 ұсақ мал және 5 жылқы сатып алып, бақуатын көтерген. Бұл туралы жиналыста 2020 жылдарға арналған атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа кретерийлерін түсіндіру мақсатында өткен жиналыста аудандық жұмыспен қамту орталығының құрылымдық бөлімше меңгерушісі Сәбит Өмірзақов айтты. 
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жағдайын жақсарту арқылы санын азайту үшін отбасылардың бір реттік төлем алуына жұмыстану мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл жағынан Алғабас, Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтері ілгері екен. 
Сырым ауданында әлеуметтік көмек алушы жанұялардың мүшелерін жұмыспен қамту ісі де нәтижелі жүруде. Көмек алушылар қатарындағы 642 ресми жұмыссыз көмек тағайындау ережесіне сай жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 127 адам тұрақты және маусымдық, 4 – і әлеуметтік жұмыс, 14  жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа, 182 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Кәсіптік оқу оқып келген 37 адамның 20 – сы тұрақты және маусымдық жұмыстарға орналасқан. Көмек алушылардың ішінде 22 адам мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. 
Сәбит Өмірзақовтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берушілер әр балаға 20789 теңгеден төленеді деген түсінікпен неше түрлі айла – шарғыға барған. Отбасындағы зейнеткерді басқа жерге тіркеу, ауласындағы мал мен мүлікті жанұясына қатысы жоқ адамның атына жаздыру оқиғалары Сырым ауданында да кездескен өкінішке орай. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары алдағы уақытта ауладағы мал шаруашылық кітапшада басқа адамның атында тұрғанына қарамастан, аула иесінің табысы ретінде есепке алынуы керек деген ұсыныс айтты. 
Жұмыс беруші серіктестік, шаруашылық, жеке кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының жұмысшыларына міндетті зейнетақы жарналарын аудармауы да үлкен мәселеге айналып отыр. Мұның зардабын жанұялар тартуда. Жиналып – жиналып аударылған жарна көмек алушылардың табысының артып кетуіне әкеліп, оларды көмекті кері қайтаруға мәжбүр етті. Қайта есептеу шараларынан кейін де көбінің көмегі кеміді. 387 өтініш қайта есептеліп, оның ішінде 83 – іне көмек тиісті емес екені анықталды. Бүгінде 9 млн 468 мың теңге кері қайтарылу үстінде. 
2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек жаңа кретерийлер бойынша төленеді. Нақты жаңалықтар мен өзгерістер туралы орталық маманы Дархан Мағрашев, кепілдендірілген әлеуметтік пакет туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анар Нұрпейісова хабарлама жасады. 
Әлеуметтік көмек енді үш бағыт бойынша төленетін болды. Біріншісі, көп балалы отбасылар жеке санатқа алынып, кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар жанұяларға көмек беріледі. Балалардың бірі студент болса, арнайы анықтама негізінде көмек ол бала 23 жасқа толғанша беріле береді. Ескеретін жайт, бұл отбасылардың табыстары есепке алынбайды. Екіншісі, кепілдендірілген әлеуметтік пакет. 1 – 3 жастағы немесе 3 – 6 жас аралығындағы балаларға құнарлы азық беріледі, одан үлкен балалар тегін тамаққа, тегін мектеп формасына немесе жеңілдетілген жолақыға ие болмақ.Үшіншісі, аз қамтылған отбасыларды қолдау. Жаңа кретерийлер жөнінде жиналысқа Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова кең түсінік берді. 
Жиынды Сырым ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов қорытындылатынады. Жиынның соңында жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ауылды, жанұяларды зерделеуге, көмектің шын мұқтаж жандарға тиесілі болуына жәрдемдескен азаматтар аудан әкімі Т. Төреғалиевтің алғыс хатымен марапатталды.
Әлеуметтік көмектің жаңалықтары туралы толық ақпарат «Сырым елі» газетінің келесі санында жарық көреді.

 

.