Сырым ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясында  26 отырысы өтіп, 65 мәселе қаралыпты.

Мәселе тек қаралып қоймаған. Комиссияның шешімімен 3 оқушы мектепішілік бақылауға қойылса, жасөспірім балаларын оқыту – тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дәлелді себептерсіз орындамағаны үшін шешімімен  8 ата – ананың үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданған.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жұмысты нәтижелі ету үшін мектеп психологтарының кәсіби деңгейін көтеру керек. Биылғы жылдың алғашқы отырысы осындай маңызды мәселемен бастады. 
Комиссия Қ. Мырзалиев атындағы мектеп пен Көздіғара негізгі мектебінің психологтарының жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады. Комиссия төрағасы, Сырым ауданы әкімінің орынбасары психологтардың жұмысы - оқушылардың көңіл, сезімінің «барометрі» екендігін, сондықтан сауалнама, сұхбаттасу, тренинг секілді шараларды есеп үшін емес, нақты көрсеткіш алу сапалы өткізу керектігін айтты. Мектеп психологтарының барлығы сауалнама, тренинг өткізуге шебер болғанменен, көбі  нәтижесімен жұмыстанбайды екен. 
Оқушыларды елсүйер етіп өсіру де – білім беру ұйымдарының мойынындағы міндет. С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева аудандық музейдің тарих және ұлттық құндылықтарды насихаттауда, патриоттық және эстетикалық тәрбие беруде жасөспірімдермен атқарған жұмысын баяндап, мектептердің музеймен байланысыны нашар екендігін жасырмады. Оны күшейту басты назарға қойылды.

 

.