Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау мақсатында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен аудан активінің жиналысы өтті. Жиналысқа облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиналыстың күн тәртібіне байланысты Сырым колледжінің директоры Санат Берсебаев, Сырым аудандық әділет басқармасының басшысы Нұрлы Қайыржанова, жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев, «Кәрім» шаруа қожалығының жетекшісі Мирболат Кәрімов пікір білдірді. Олар өз сөздерінде мемлекет басшысы белгілеген жаңа игіліктерге жетуді жалпыұлттық міндет деп санайтындықтарын айтты. 

Жиынның қорытындысында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізінде Сырым ауданының алдағы мүмкіндіктері мен басымдықтары жайлы тоқталды. 

Елбасы өзінің жаңа Жолдауында цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету үшін «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырма берді. Бұл бағдарлама Қазақстандағы коммуникацияның дамуы мен оптикалық – талшықты жаппай қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сырым ауданы бұл бағдарлама шеңберіндегі жұмысты аудандағы орта мектептерді жоғары режимде жұмыс жасайтын ғаламтор жүйесіне көшіруден бастағалы отыр. Кейбір ауылдық округтердегі ұялы байланыс сапасын жақсарту да «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасы арқылы жүзеге асады. 

Сырым ауданындағы аграрлық сектордың негізін мал шаруашылығы құрайды. Күні бүгін аудандағы шаруашылықтар мал басын асылдандыру мен бордақылау алаңдарының жұмысын қолға ала бастады. Себебі, тиімділік дәлелденді. Біздің аудан аграрлық ғылыми зерттеу жұмысына ыңғай білдіре алмай отыр. Аудан әкімі Абат Шыныбеков әріптестеріне осы мәселе бойынша жұмыстануды тапсырды. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктері арқылы аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту жаңа деңгейге шығады. Бұл бәсекелестік орта күшейеді деген сөз. Биылдан бастап Сырым ауданында округтердің бизнес рейтингі жүргізілетін болады. 
Сырым ауданы өңірдің логистикалық орталығы болуға да ниетті. Бұл үшін ауданның барлық мүмкіндігі бар. 

Биыл Сырым ауданында жекеменшік балабақша ашылатын сыңайлы. Аудан әкімі бұл шаруаны қайткенде де қолға алу керек деп отыр. Осы жерде аудан басшысы Абат Шыныбеков әріптестерінің білім беру саласындағы жұмысты жеделдетуге деген ықтиярсыздығын сынға алды. Жекеменшік балабақша ашу – ауданның білім беру саласындағы бір мәселенің болса да шешімі үшін жұмыс жасайды. 

Осы және өзге де мәселелер бойынша жұмыс межелерін белгілеген аудан әкімі Абат Шыныбеков тиісті тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді халық арасында түсіндіру мен насихаттау үшін аудан жаңа жоспарларды және белгілеп отыр. 
Сырым ауданының актив жиналысына қатысушылар жаңа жолдауды қолдайды және қойылған міндеттерді орындауға күш жігерін жұмсайды. – делінген Сырым ауданы активінің жиын соңында қабылдаған қарарында.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы