Аудан, ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны Жымпиты ауылдық округіндегі Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп базасында өтті. Жиынға ауыл тұрғындарымен қатар аудан әкімі А.Шыныбеков қатысты.

Жиынға қатысушыларға алдымен ауданның тыныс-тіршілігін баяндайтын фильм көрсетілді. Ауылдық округ әкімі Қ.Төлепов баяндама жасап, өткен жылы аудан орталығында атқарылған шаралармен таныстырды. Аудан әкімі А.Шыныбеков Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде жасалып жатқан жұмыстардан бастап ауданның қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі туралы айтты. 
Абат Абайұлы: 
– Өткен жылғы аудан бюджеті 4,2 млрд-ты құрады. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша облыс аудандары арасында бірінші орында тұр. 2011-2015 жылдары осы бағдарлама шеңберінде ауданға 4 мыңнан астам мал сатып алынған екен. «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста Сырым ауданы екінші орында. «Иманғали», «Сырым-КZ», «Хамза» ШҚ мал бордақылау кешендерін ашуды көздеп отыр. 11 мың га жерге дәнді дақыл себу жоспарланып отыр. Егін шаруашылығын берілетін демеуқаржы азайғанымен, майлы дақылдарға төленетін демеуқаржы артты. Бау-бақша шаруашылығын дамыту үшін Өлеңті лиман жүйесі, Шолақаңқаты су қоймасы жөнделуде. Қымыз өндірісі Шолақаңқаты, Алғабас ауылдарында жүзеге асырылуда. Биыл аудан орталығында жанар май бекеті, «Тагра» ЖШС-ның мейрамханасы, «Жібек жолы» ШҚ-ның автокешені салынбақ,- деді.
Биыл жөнделетін Өлеңті, Бұлан, Алғабас ауылдарына кірме жолдар, аудан орталығы жолдарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Ауданда көгілдір отынға қосылу қарқыны жоғары. Облыста 55 елді мекенді ауыз сумен қамту жоспарланса, оның ішінде біздің ауданнан Қоңыр, Аралтөбе ауылдары «Ақ бұлақ» бағдарламасына қосылады.
Жымпиты ауылдық учаскелік полиция инспекторы А.Исанов жыл бойына атқарылған жұмыстармен таныстырып, мал ұрлығы, жаяу жүргінші жолымен жүру мәселелерін қамтыды. Жаяу жүргінші жолына қатысты ауыл ақсақалдары Е.Баймұханбетов, С.Дауылов сөз сөйлеп, жол қауіпсіздігін, балалардың жаяужүргіншіге арналған жолмен жүруін қатаң қадағалау туралы ойларын айтты. Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Қаналиев әкімдердің есебіне оң баға бере келіп, орталық зиратқа жол салу, оны қоршау, ауданға «Достық» үйін салу, еңбек ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта, ардагер ұстаздар тұратын үйлерге белгі-тақта орнату туралы ұсыныстарын айтты. 
Қ.Нұрмұханов тәжірибелі мал дәрігерлік мамандардың аздығын, көшелерге су жіберетін арналар қажеттігін айтса, К.Федянин балаларды балалар дәрігері қараса деген ұсынысын білдірді. Аудан орталығының тұрғындары бұралқы иттерді жою, «Орман шаруашылығы» шағын ауданында көшенің қары тазартылмағаны, жарықшамның жоқтығын айтып, аудан басшысын көмек сұрады. 
Аудандық ветеринариялық бөлімнің басшысы Ш.Райсов итті түнгі 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін ғана босатуға рұқсат екенін, қаладан арнайы мамандар келіп ит атуды қолға алатынын айтты. Аудандық аурухананың бас дәрігері М.Дүсеев балаларды жалпы дәрігердің қарауы министрліктің бұйрығы екенін, университеттерде биылдан бастап педиатрия бөлімі қайта ашылатынын айтып жауап берді. 
Тұрғындардың ұсыныс-сауалдарына жауап берген аудан әкімі А.Шыныбеков жол қауіпсіздігі мәселесі назарда, жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу биыл да жалғасын табады, орталық зиратқа жол салу мәселесі шешіледі, ал, қоршау алдағы жылдардың еншісінде, биыл Ж.Досмұхамедов орта мектебінің бергі жағындағы зират қоршалады, көшелерге су жіберу мәселесі назарда, «Орман шаруашылығы» шағын ауданының қары аршылып, көшеге жарықшам қойылады деді. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлер біртіндеп шешімін табатын болды.