Сырым ауданындағы Балалар саз мектебінің оқушысы Қоңдыкер Елеуов Атырау облысының орталығында «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Алатау шыңы» республикалық балалар мен жастардың шығармашылық конкурсында «Дәстүрлі ән өнері» аталымы бойынша бас жүлденің иегері атанды. Қоңдыкер Елеуов - өңірге белгілі дәстүрлі әнші Дархан Қажығалиевтің шәкірті.
Жас әншінің айтуынша, республикалық байқауда өнер көрсету оған оңай болмаған. Шығармашылық конкурстың «Дәстүрлі ән» аталымына жасөспірімдер тобының өзінен 60 – тан астам үміткер қатысқан. Осылардың арасынан жүлдеге ілігудің адал жолы – жалғыз – ақ. Ол – мойындату. Әуелі елді мойындату, кейін қазы мен қарсыласты мойындату. Біздің Қоңдыкердің қолынан бұл келіпті. Нәтижесі айтқандай. Қоңдыкер өзінің жетістігіне ұстазы Дархан Қажығалиевтің еңбегі әбден сіңді дейді. Десе дегендей, Дарханның Қоңдыкерді осыған дейін қоспаған бәйгесі жоқ. Ән десе әнге, терме десе термеге сүйреді. Бірінде жүлдеге ілінді, бірінде қалды. Бастысы шәкірті ширықты, шыңдалды. Ақыры үкілеген Қоңдыкері Атыраудың бас бәйгесін байлады. Айта кетейік, өзі осы байқаудың «Үздік тәлімгері» деген атағын иеленіпті. Балалар шығармашылығына деген жанашырлығы үшін аудандағы балалар саз мектебінің директоры Серік Сарғозиев те «Жеті өнер» шығармашылық орталығының арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды. 
Қоңдыкер Елеуов Ж. Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп – балабақша кешенінің 8 – сыныбында білім алады. Бұл жігіт өзінің болашағын өнермен байланыстырып отыр. Алла қаласа, мамыр айында Алматы қаласында өтетін «Жеті өнер» шығармашылық орталығының арнайы байқауының бірінші маусымына қатысады. Бұл сайысқа жолдаманы бас жүлдемен бірге беріліп еді. Ұстазы Дархан да, Қоңдыкердің өзі де оңтүстік астанадағы байқаудан шығармашылық үшін жаңа мүмкіндіктер күтіп отыр. 
Балалар саз мектебі осылай оқтын – оқтын елді қуантып қоюды әдетке айналдыра бастады. Қуана берейік, әрине. Биыл Сырым ауданындағы балалар саз мектебіне 10 жыл толады.

Бауыржан Ширмединұлы, 
Сырым ауданы