Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен аудан бойынша кооперация негіздері туралы жиналыс өтті. Жиналысқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің стратегия және талдау басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев, БҚО ауылшаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин, БҚО қаржылай қолдау қоры басшысының орынбасары Нұрбол Жұмағалиев және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық – техникалық университетінің экономика және бизнес факультетінің деканы Айгүл Қазанбаева қатысты. Қатысушы қонақтар жиналыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасады.
Күні бүгін Сырым ауданында 19 ауылшаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды. 13 селолық тұтыну кооперативі 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңы негізінде құрылды. Кооперативтер иелігіне сол жылы 1499 аналық ірі қара малы тіркелді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын субсидиялау ережесі арқылы 30 бас бұқа сатылып алынғаны және селекциялық жұмыстардың жүргізілгені үшін мемлекет тарапынан 26,98 млн теңге субсидия төленді. Былтырғы жылы ҚР Заңнамасына сәйкес құрылған селолық тұтыну кооперативтері қайта ұйымдастыру рәсімдерінен өтті. Оның үстіне 2016 жылы 6 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі және құрылды. Сәйкесінше, жеке қосалқы шаруашылықтардың 564 бас аналық малдарына 19 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, жүргізілген селекциялық жұмыстар үшін 10,1 млн теңге субсидия және төленді. 
Сырым ауданында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру және азық түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге де нақты жұмыстар жасалды. Осы мақсатта «Береке – Болашақ!» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Кооператив мүшелігінде 42 кәсіпкер бар. Ауданда өз қаражаты есебінен ірі қара мал басын бордақылаумен айналысып жатқан жеке тұрғындар да бар. Бүгін жеке тұрғындардың есебінде 758 бас ірі қара бордақылауда тұр. Осы тұрғындарды да кооперативке біріктіріп, мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалануға жұмыстану алдағы уақыттағы негізгі жоспардың бірі болып отыр.
Жиналыстың барысында аудан шаруалары кейбір мәселелерді көтерді. Мәселен, шаруалар бордақыланған малды тапсыратын орын таппай қиналады. Олардың несиеге немесе субсидияға талап қоятын мекемелер шаруаның осы жағын да ұйымдастырып берсе деген ұсыныстары бар. Дегенмен, малды басын көбейту, оны асылдандыру, бордақылау, тіпті тапсыратын орынды табу шаруасы да кооператив құрылтайшыларының өздеріне қалып отыр. Облыс орталығынан келген мамандар солай айтты. Аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев кооперативтер үшін белгіленген каникул мерзімін ұзартудың қажеттілігі бар екенін айтты. Несие, субсидия деген әңгіме айтылған жерде, кепіл мәселесі де айтылмай қалмады. Қазіргі күні несиенің көлемі кепілдің жарты қақын құрайды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев несие көлемін ұлғайту туралы ұсынысын білдірді. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев бірқатар мәселелер бойынша сөйледі.
Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру – шаруашылықты ұйымдастырудың бір жолы болып отыр. Жүзеге асып жатқан жұмыстар бар, үйлеспей жатқан мәселелер де бар. Ал біздің, іске кіріскен шаруаларға сәттіліктен басқа тілеріміз жоқ.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы