Сырым ауданында Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алашорданың 100 жылдығы, Ж.Досмұхамедовтың 130 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясының «Ұлы дала қазынасы» партиялық бағыты аясында тай жарысы, аударыспақ және асау үйретуден ауыл біріншілігі өткізілді. Тай жарысына барлығы 13 тай қатысып, Ербол Дауловтың ноян тайы мәре сызығын бірінші болып кессе (бәйгеге шапқан Жұбатов Ермекбай), ІІ орынға Қайыржанов Төлебидің торы тайы (бәйгеге шапқан Умбетияров Жақсылық) табан тіреді, ал ІІІ орын Қажимов Мұхиттың жиренқасқасына (бәйгеге шапқан Кажимов Арманай) бұйырды. 
Үш түрлі салмақ дәрежесінде өткен аударыспақ ойынында 40 келіге дейін Азат Амансүгіров, 50 келіге дейін Кенжебаев Абай, 50 келіден жоғары Дәулет Арманбек жеңімпаз атанды. Ал, асау үйретуде Сырым колледжінің студенті Кенжебаев Нұрсұлтан мінгі көрмеген асау атты бағындырып, ойын жеңімпазы атанды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушы «Қайсар» спорт клубының атынан дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.