Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен облыс көлеміндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Селекторлық режимдегі отырысқа Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков және тиісті сала басшылары қатысты.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен отырыста өңір басшысы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Жасұлан Жұмашевтың 2016 жылы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жұмыс қорытындысы және 2017 жылдағы жаңа міндеттері туралы баяндамасын тыңдады. Баяндамаға қатысты «БҚО ЭЖТК» АҚ директоры Қуат Мусин, «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының директоры Максим Есенғалиев және аудан әкімдері сөйледі.
Облыс бойынша Бөрлі және Сырым аудандары электр желілері ең ақаулы аудандардың қатарын бастап тұр. Сырым ауданындағы Қазақстан елді мекенінің жағдайын облыс басшысы Алтай Көлгінов те аудандағы есептік кездесуде естіген еді. Қуат Мусиннің айтуынша, бұл мәселелерді түбегейлі шешуге өңірдегі электр желілерін тарату компаниясы қауқарсыз. Шаруа аудандардың өзіне қалып тұр. Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков электр желілерінде анықталған ақаулықтарды қалпына келтіру жұмыстары үшін коммуналдық мекеменің мүмкіндігін пайдалану туралы ұсыныс айтты. Себебі, мәселені әркім өзі шешуге ұмтылуы керек. Аудан әкімінің тәжірибесі жайлы облыс әкімі оң пікір білдірді. 
Селекторлық режимдегі отырыста талқыланған көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі де талқыланды. Биыл Батыс Қазақстан облысында қар қалыпты мөлшерден 70% артық түскен. Бұл меже былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Қардың қалың түсуі Сырым ауданына да тән. Аудан әкімі Абат Шыныбеков жергілікті әкімдерге ауыл орталықтарындағы басты көшелерді және кәсіпкерлік нысандардың, жеке үйлердің айналасын қардан тазарту жұмыстарын жөнді ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Тасқын мәселесіне басқадан гөрі, ауданның орталығы ұшырауы ықтимал. Былтырғы жылы Жымпиты ауылы бойынша автокөлік жолдары орташа жөндеуден өтті әрі жаяу жүргіншілер жолы төселді. Жолдар жаңғыртылды, сәйкесінше жеке тұрғындар да қақпаларының алдын жаңағы жолдарға қарай бейімдеді. Бейімдеуін бейімдегенмен, жеке тұрғындардың көбі аулаларының маңына қар және жаңбыр суы ағып өтетін арналар орналастырған жоқ. Су жолдары бітелсе, мәселе сонда болады.
Төтенше жағдай жөніндегі осы және басқа да нақты мәселелер алдағы уақытта аудандағы арнайы отырыста кеңірек талқыланатын болады.