«Алашорда – Тәуелсіздік бастауы» Кеше Сырым ауданы әкімдігінің бастамасымен «Нұр Отан» партиясының «Ұлы дала қазынасы» партиялық бағытына сәйкес жаңағы тақырыпта онлайн конференция өтті. Конференция алаңында Сырым ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандары Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми – кітапханасымен және Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасымен байланысқа шықты.
Конференцияның алғы сөзін аудан әкімі Абат Шыныбеков сөйледі. Әкім өзінің сөзінде, қазақ мемлекеттілік идеясын жүзеге асыруға нақты жұмыстар қазақ зиялыларының қайраткерлігін насихаттау, жалпы Алашорда үкіметінің жұмысын логикалық түрде жалғастыру әрбір қазаққа ортақ шаруа деп атап өтті. Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл, ал осы қозғалыстың белсенді қайраткері, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толады. Бұл екі датаның да Сырым ауданына үлкен қатысы бар. Осыларға байланысты Жымпиты өңірі негізгі шараларды ұйымдастырып үлгерді. Алда әлі де бірқатар жұмыстар бар екен. Конференцияда сол жұмыстар нақтыланды.
Конференцияда Батыс Қазақстан облысы пен Шығыс Қазақстан облысының тарихшылары мен ғалымдары пікірлесті. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессорлары Арап Еспенбетов, Мұхтарбек Кәрімов, Батыс Қазақстан инженерлік – гуманитарлық университетінің профессоры, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, тарих ғылымының кандидаты Бақтылы Боранбаева, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаровтар өздерінің жасаған жұмыстары мен алдағы жаңа жоспарлары жайлы айтты. Әлбетте, ұсыныстар да айтылды. Алаш қозғалысына қатысты деректерді зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстан облысында жақсы жолға қойылған. Бұл өңірде арнайы ғылыми орталық жұмыс жасайды.
Батысқазақстандық тарихшылар біздің облысқа да осындай орталық керек деп отыр. 
- Әуелгі жылдары аудандық білім беру бөлімі тарапынан жалпы білім беретін мектептерде Алаштану факультативтік курстарын жүргізу туралы нұсқау берілді. Мектеп тарихшылары курстардың бағдарламасын да дайындаған еді. Кейін арнайы дайын бағдарламасы ұсынылды. Алайда, осы факультативтік курстар жүргізілген жоқ, жұмыс басталмай жатып, тоқтатылды. Алаш қозғалысы жайлы оқушылар терең білуі тиіс. Мен осы курстардың жүргізілгенін қалаймын. – деді Бұлан орта мектебіндегі тарих пәнінің оқытушысы Серік Зиятов. Аудан әкімі Абат Шыныбеков педагогтың бұл ұсынысына толық қолдауын білдірді. Кешегі конференцияда аудандық білім беру бөлімі жалпы білім беретін мектептерде Алаштану факультативтік курстарын жүргізу жөнінде аудан әкімінің нақты тапсырмасын алды. Тапсырма алдағы наурыз айында нақты жұмысқа айналуы керек. 
Сырым ауданының әкімдігі Алаш қозғалысының тарихи маңызын білім беру саласы арқылы кеңірек насихаттағанды қалап отыр. Биыл облыстағы барлық мектептердегі Білім күнінің алғашқы сабағы Алаш қозғалысы туралы өтеді. Сырым ауданы әкімдігінің осындай ұсынысына облыстық білім беру басқармасы оң көзқарас білдірген. Осы сияқты биыл ауданда тарихи – танымдық экспедициялар, тарихи нысандарды қалпына келтіру, тарихи орындарға қоғамдық маңыз беру сияқты көптеген жұмыстар іске асырылғалы отыр. Біздің бұл жұмыстарды нақты атағымыз келмей отыр, жасалғаннан кейін жария еткен жақсырақ.
Конференция жұмысы бірлесіп іс атқармаққа деген ортақ ымырада қорытындыланды. Қатысушылар Алаш қозғалысына қатысты ұсыныстарды талқылайтын ашық алаң ұсынған Сырым ауданы әкімдігіне ризашылықтарын білдіруде.