Елбасы Н. Назарбаевтың жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру бағытындағы идеясы осы уақытта өзінің құндылығын көрсетіп отыр. Күні кеше Қособа ауылдық округінің орталығында еңбек ардагері, ауылға белгілі шопан Әнуар Тоқмамбетовпен өткен «Еңбекпен өрілген ғұмыр» тақырыбындағы кездесу де жаңағы идеяның шеңберіне кіретін сияқты. Шараны жергілікті әкімдік пен мәдениет үйі Қособа орта мектебінің акт залында ұйымдастырды.
Әнуар Тоқмамбетов 1947 жылы дүниеге келген. Әкесі Сейфолла күнінде мал баққан кісі. Әкенің жолын баласы жалғады. Сөйтті де, Әнуар Тоқмамбетов 1978 – 1998 жылдары аралығында «Қособа» кеңшарында аға шопан болып еңбек етті. Ол әр жылдары 100 саулықтан 125 – 130 қозы алды. Әнуар Тоқмамбетов биыл 70 жасқа толып отыр.
Кездесуге кеш кейіпкерінен бөлек оның замандастары, кезіндегі әріптестері және бастысы, ауыл жастары мен мектеп оқушылары қатысты. Замандастар мен әріптестер Әнуар Тоқмамбетовтың еңбектегі жігері жайлы жақсы айтты. Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев сөйлейтін сөзін сөйлеп, көрсететін құрметін көрсетті. 
Осы күні еңбек адамдарының құрметіне Қособа ауылында ақындар айтысы өтті. Айтысқа дейін аудандық демалыс орталығының әншілері өнер көрсетті.