Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі жауапты маманы Жандос Дүйсенғалиев бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2016 – 2017 жылғы қыс кезеңінде аудан орталығы Жымпиты ауылының өзінен 2 200 текше метр қар шығарылыпты. Кешегі бораннан кейін бұл жұмыстардың көлемі тағы да артып жатыр. Қар шығарудағы негізгі басымдық ауылдың басты көшелеріне берілуде. Қар шығару жұмыстарына «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің 1 ЗЛ, 30 жүк тиегіш ауыр техникасы, 1 МТЗ – 100 және 2 КаМАЗ көлігі жұмылдырылған. 
Биыл қар қалың. «Қазгидрометтің» мәліметінше, Сырым ауданы бойынша қардың орташа қалыңдығы 2017 жылдың 10 ақпанына 34 сантиметрді құрап отыр. Осы көрсеткіш былтыр 18 сантиметрді құраған еді. Бұл қардың түсу деңгейі былтырғыға қарағанда еселенген деген сөз. 
Аудан 2017 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде орын алатын төтенше жағдайларды жою жұмыстарына да мүмкіндігінше дайын отыр. Жағдайдың алдын – алу мақсатында барлық ауылдық округ әкімдері мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан сұраныстар жинақталды. Төтенше жағдайлар орын алған кезде ауылішілік жұмыстарға аудан бойынша 31 шаруа қожалықтың 35 дана техникасы жұмылдырылады. Аудан орталығындағы жұмыстарды атқаруға келісімшарт негізінде «Сырым» МКҚК жауапты. Мекеменің 13 дана техникасы жұмыстарға әзір тұр. 
Негізі көктемге техника емес, адам дайындалуы керек. Су тасқынын тудыру ықтимал болатын тұстардың қарын азайту, жеке тұрғын үйдің айналасын тазалау, су жолдарын аршу – кейін жасайтын шаруа емес. Бұл шаруаға бүгін кірісуге де болады. Тұрғындарға осыны айтқымыз келеді.