«Нұр Отан» партиясының ғимаратында Сырым ауданы әкімі жанындағы кәсіпкерлердің Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Абат Шыныбеков Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында кәсіпкерлік саласына көп көңіл бөлінгенін, ауданның кәсіпкерлік саласындағы жай-күйі туралы айтып, облыста «Сыбаға», «Құлан» бағдарламасы бойынша бірінші орында екенімізді, бірақ, әлі де болса, ауданда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін цех жоқ екеніне тоқталды. 
«Сырым» несие серіктестігінің төрағасы Бақытжан Хамидуллин серіктестіктің өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ, «Сырым» несие серіктестігі арқылы несие берілетін «Іскер» бағдарламасын түсіндірді. Бұл бағдарламамен шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге, кәсіптік оқу бітіріп келгендерге несие беріледі. Мал шаруашылығын дамытам дегендерге 7 жылға, қоғамдық монша ісін жүргізем деушілерге 5 жылға, 6 пайыздық үстемемен 16 млн 900 мың теңгеге дейін беріледі. Серіктестік арқылы «Кең дала», «Қанат» бағдарламалары бойынша да несие беріледі. 
Жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» таныстырды. Бағдарлама техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыттарынан тұрады. Бағдарламаның міндеті – «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, микрокредиттер беру.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Жоламанов ауданның кәсіпкерлік картасына енген 20 бизнес-жобаны атады. Атап өтсек, аудан орталығынан малдәрігерлік дәріхана, Самара-Шымкент халықаралық маңызы бар тас жолы бойынан газ құю бекеті, автокөлік жөндеу орны, «М-32» кафесінің жанынан жолаушыларға қызмет көрсететін қонақүй, шағын балабақша, құрылыс материалдарын өңдеу цехы, құтыға құйылған су өндіру, «Жібек жолы» жолаушыларға қызмет көрсету кешені, мал сою пункті, әмбебап сауда орталығы, бордақылау кешені, балық өсіру тоғаны ашылып, қарбыз-қауын шаруашылығы қолға алынатын болады. Сонымен қатар аудан орталығынан жүн қабылдау, өңдеу цехын, ауылшаруашылығы техникаларының автобөлшектері дүкенін, Қарасу мөлтекауданынан балаларға арналған аттракцион, балық дүкенін, Талдыбұлақ ауылдық округінен құтыға құйылған бұлақ суы өндірісін ашу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер, түсінік жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталған аталған 20 жоба бойынша 97 жұмыс орын ашылады деп күтілуде.