Кешегі сенбіде Сырым ауданында Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың кубогы үшін волейболдан ауданның ашық турнирі өтті. Турнирдің салтанатты ашылу шарасына Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар және Сырым ауданының құрметті азаматы Құсайын Бақтияров қатысты.
Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың кубогы үшін волейболдан өтетін ауданның ашық турнирі күні бүгін дәстүрлі сипатқа ие болды. Соның да әсері болар, қатысуға ықылас білдіретін аудандар көп. Кешегі жарыста Сырым ауданынан бөлек, Ақжайық, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау және Орал қаласының командалары кубок үшін тартысты ойындар өткізді. Жарыстың жеңімпазы болып Қаратөбе ауданының командасы танылды. Келесі орындарға Шыңғырлау және Теректі ауданының әуедоп шеберлері тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің, жалпы қатысушы командалардың барлығына Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың және «Қайсар» спорт клубының арнайы марапаттары тапсырылды. 
Биыл Сырым ауданы Сырым батырдың дүниеге келгеніне 275 жыл, Алаш қозғалысының 100 жылдығы және қазақ зиялысы Жаһанша Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 130 жыл толуы секілді үш бірдей маңызды датаны атап өтеді. Кешегі турнирді осы даталардың құрметіне өткен шараның бірі деп атауға болады.