Кеше Сырым колледжінде Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл және Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толуына орай «Алаш арыстары» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға еңбек ардагері, Алаш заманының куәгері Валитов Саку, Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Мұратбек Сәрсенғалиев, Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева және басқа да шақырулы қонақтар қатысты.
Алаш қозғалысы дегенде, талай қазақ қайраткерлерінің есімдері бірге аталады. Олай болуы заңдылық та. Себебі, мемлекеттілік идеясы үшін жұмыс жасаған қозғалысты жүзеге асыру үшін қазақ ұлтының көптеген зиялы азаматы бас біріктірді. Шараның ұйымдастырушысы, колледждегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Тельман Исатаевтың жетекшілігімен колледж студенттері жаңағы қайраткерлердің қатарында аталатын Ахмет Мәметов, Иса Қашқынбаев, Жанша Сейдалин сияқты тұлғалардың өмірі мен еңбегі жайлы баяндамалар жасады. Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Ақмарал Мамбетьярова «Алашорда тағылымы – Тәуелсіздік!» атты кітап көрмесін таныстырды. 
Меймандар шараның тақырыбын желісінде бір төбе әңгіме айтты. 
Дөңгелек үстелде Жымпиты ауылындағы С. Датұлы көшесінің бойында орналасқан мемлекеттік қорғаудағы бұрынғы обаға қарсы күрес мекемесін жаңғырту, ғимараттың тарихи ерекшелігіне маңыз беру сияқты ұсыныс айтылды. Шараны Сырым колледжінің директоры Санат Берсебаев қорытындылады.