Алғыс айту күнінде мәдениет саласының ардагерлері марапатталды
Алғыс айту күніне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысты.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасап, биылғы жылдың міндеттерін атады. Аудан басшысы мәдениет қызметкерлерімен кездесуде Сырым Датұлының 275 жылдығына орай өткізілетін мәдени шаралардың ауқымдылығын айтты. 
– Баба тойы екі кезеңмен ұйымдастырылғалы отыр. Бірінші кезеңі маусым айында Сырымның туған жері Жетікөл ауылында дала қызықтары, театрландырылған көрініс, мерекелік концертпен өтеді. Екінші кезеңі қазан айында аудан орталығында ұйымдастырылады. «Тар кезең» романы Жымпиты, Бұлан халық театрларының күшімен жоғары деңгейде сахналанады. Сырым Датұлы атындағы мұражай дербес ғимаратқа көшіріліп, орталық стадион жөндеуден өткізіледі. Күнбатыс Алаш орда Үкіметінің 100 жылдығына орай Алаш мұражайы қайта жөндеуден өтіп, жәдігерлері толықтырылады. Ж.Досмұхамедовтың 130 жылдығы аясында алаштың ақтаңгері атындағы мұражай ашылып, мектеп дәлізіндегі кеудетұғыры тысқа шығарылып, ауласы абаттандырылады. Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына байланысты ауданның алашордашыларының жинағын шығару да жоспарланып отыр. Алда келе жатқан мерейлі мерекелерге орай аудандық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы күшейтіледі. Дыбыс, жарық, сахналық киімдерге баса назар аударылады. Аудандық орталықтандырылған кітапханаға жерлес жазушы Мұқадес Есламғалиевтің есімі беріледі, - деді Абат Абайұлы. 
Алғыс айту күніне орай мәдениет саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан ардагерлер марапатталды. Аудан әкімінің алғыс хатын алғандар қатарында Аманбек Өтешов, Жәмила Ғатауова, Лұқпан Жұмағалиев, «Ақ ниет» әжелер ансамблі және басқалары бар. «Нұр Отан» партиясы қатарына өткен мәдениет қызметкерлеріне Т.Дарғожиев куәліктерін табыс етті. 

Салтанатты шара «Ертеңіме сенемін» атты мерекелік концертке ұласты. Аудандық мәдениет үйінің әншілерімен қатар, балабақша бүлдіршіндері, қонақкәде ретінде Ж.Ғатауовалар өнер көрсетті.