Біз осы жолғы кейіпкеріміз қылып Жымпитыда тұратын «Алтын алқа» иегері, елге сыйлы әйел – ана, Фәния әжейді таңдадық.
Фәния Нұрмұханова 1950 жылы Қарағанды облысының Саранск қаласында дүниеге келген. Бұл қала көпке шахтерлер қаласы ретінде белгілі. Фәнияның әкесі Құзайыр да, анасы Мәдина да – шахтада қызмет еткен адамдар. Ол адамдардың Саранск жақта түбегейлі орнығып қалулары да мүмкін еді, Құзайырдың әкесі (Фәнияның атасы) Оразай қарт ұлының атақоныстан алыс жүруін қаламады. Қарт қаламағасын, әңгіме бітті. Жас жанұя 1958 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданының Қособа совхозына (қазіргі Қособа ауылдық округі) көшіп келді. Қособа совхозына көшіп келген жылы Фәния 8 жаста еді. Совхоздың еңбегіне де етене араласып үлгерген Құзайырдың жанұясы екі жылдан кейін жұмыс бабымен ауданның орталығына келді. Фәния орта мектепті Жымпитыдан бітірді. Кейін Орал қаласындағы бухгалтерлер мектебіне оқуға түсті. Фәния апайдың өзінің айтуынша, күніндегі бухгалтерлер мектебі институттардан кем білім бермеген. Сөйтіп, Фәния «Есепші» мамандығын алды. Жас маман жұмыс мәселесі жайлы көп бас қатырған жоқ. Келді де, Жымпиты ауданының орталығындағы тұрмыстық қамту комбинатына «Есепші» болып, қызметке орналасты. Фәния ол кезде осы комбинаттың оның тағдырымен қаншалықты тығыз байланысты болатынын білген де жоқ. Бірақ, тағдыр өзінің жазулы жолымен жүрді. Комбинаттың Фәнияның 25 жылдық еңбегіне куәгер болғаны былай тұрсын, бойжеткенді болашақ сыңарымен қосқан да – осы комбинат еді. 
Аудандық тұрмыстық қамту комбинаты ол кезде мемлекеттік банктың Жымпиты аудандық бөлімшесімен тығыз әріптестікте жұмыс жасайтын – ды. Әсіресе, комбинат есепшісінің жарты шаруасы жаңағы банк арқылы бітеді. Жымпитыдағы банк бөлімшесінің инспекторы Амангелді Нұрмұханов комбинаттағы жас есепші қыз Фәнияның жұмысқа деген жауапкершілігін ұнататын. Содан не керек, жұмысын ұнатамын деп жүріп, Амангелді Фәнияның өзін ұнатып қалды. Банктегі «ағайдың» салмақтылығы, ерлерге тән мінезі Фәния қызға да ерекше сезілетін еді. Сол сезім махаббатқа себепкер болды. 
1970 жылы Амангелді мен Фәния шаңырақ көтерді. Құдайдың берген берекесі болар, Амангелді мен Фәния 13 перзент сүйді. Олардың 5 – еуін жерге тапсырды өкінішке орай. Әкеміз бен анамыздың қалған 6 қызы мен 2 баласы бүгінде кеңейген өріске, көбейген қонысқа айналды, еңбекте бір – бір саланың өкілі болып қалыптасты. Бүгінгі күні Амангелді мен Фәнияның Ләззаты мен Айнагүлі – медицина саласында еңбек етеді. Ал, Алтынбегі осы саладағы жоғарғы оқу орынында басшылық қызметте. Жанат деген қыздары – әке мен анадан қалған қайырлы кәсіп қаржыгерлікті таңдады. Лайық деген қыздары кәсіпкерлік саласының өкілі болды. Алтын деген бір қызы - педагог, Әлиясы - тігінші. 25 жиен мен 5 немеренің атасы мен әжесі күні бүгін ұлдары Амандықтың шаңырағында тұрады.
90 – шы жылдардағы елді жайлаған жоқшылық Амангелді мен Фәнияның жанұясын айналып өткен жоқ әрине. Жалақының аты ғана бар, заты бар деп айту қиын. Фәния анамыз заманның жағдайын түк те уайым қылған жоқ. Еріне ештеңені де міндетсінген жоқ. Шешімді әйел басымен өзі іздеді. Қорасындағы малының сүтін, тауығының жұмыртқасын ауданның орталық базарына апарып сатты. Шай – суын айырды. Осындай алғырлықты сол кезде Фәния ғана емес, біраз аналар жасап еді.
 «Алтын алқаның» иегері, әңгіменің кейіпкері Фәния анамыз жанұяның берекесі - сабырлықта екенін айтады. 
- Осы кезде дейін еріммен сөзге келіп көргенім жоқ. Амангелдінің айтқанынан әлі шықпаймын. Ол – қорыққандықтан емес, сыйлағандықтан ғой. Біріміз сөйлегенде, біріміз тыңдаймыз. Сабырлылық деген осы екен. – дейді ол.
Амангелді әкей мен Фәния анамыздың екеуінің арасында 10 жастай айырмашылық бар. Кей кездері Амангелді әкей: 
- 29 жасқа дейін босқа бойдақ жүрген жоқпын. Себебім болды. Мына Фәнияның бойжетуін күттім. – дейді әзілдеп. Сосын осы әзілге Фәния анамыз екеуі бірге күледі. Күлген сайын жарты ғасырлық махаббаттарының бағы қайтадан түлеп, қайтадан гүлденіп кеткен сияқты болады. Лайым, гүлдене берсін!