Ат спорты – гаджеттерге байланған балалықты құтқарудың ең бір жақсы жолы. Соны түсінген «Қайсар» спорт клубы соңғы кездері ауданның басында ат спортына байланысты шараларды өткізуді жиілетіп. Мәселен, бүгін С. Датұлы атындағы орталық стадионда тай жарысы өтті.
Бәйгеге жалпы саны 18 тай түсті. Олардың ішінде Жымпиты мен Өлеңті ауылдарынан бөлек, Қособа, Бұлдырты ауылдық округтерінен арнайы қосылған тайлар бар. Біз бұл жерде тайдың көптігіне емес, оны жаратып, баптап, әрі бәйгеге салатын, тіпті тізгініне өзі отыратын балғын атбегілердің қатары атқанына қуандық. 
Сонымен тайлар 4 шақырымға шапты. Бірінші болып жымпитылық Ербол Дауыловтың Ермекбай Жұбатов атты жас шабандоз тізгіндеген «Ноян» ныспылы тайы келді. «Ноян» өткендегі тай жарысында да топ жарған болатын. Осы жолы да осы қарқынынан таймады. Тайлардың екінші жүлдесін де жаңағы Ербол Дауыловтың «Айқасқасы» алды. «Айқасқа» Мұхтархан Сайлау атты шабандоздың тақымында болды. Үшінші орынды Алмас Айдынов шапқан жымпитылық Сәбит Өмірзақовтың «Айсұлу» атты тайы иеленді. Саят Ғабдахимов шапқан «Лазер» «Жеңіске деген жігері үшін» марапатталды. «Лазер» - Қособа ауылындағы Әубәкіровтардың тайы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Қайсар» спорт клубының қаржылай сыйлықтарына ие болды. Бәйгенің басынан келмесе де, шабысы ширақ болған тайлардың шабандоздарына аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетов өзінің арнайы жүлделерін тапсырды. Негізінде, аудандағы ұлттық спорт, соның ішінде ат спорты осындай қаржылай демеушілікке зәру. 
Тайлардан кейін құнандардың да бәйгесі болды. Жұртшылық 7 құнанның жарысын тамашалады.
«Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсановтың айтуына қарағанда, басқа бұқаралық спорттың түрлерімен салыстырғанда, ат спортына аудан жанкүйерлерінің ықыласы ерекше көрінеді. Оны біз де байқадық. Елдің ықыласы болғасын, бұл шаралар дәстүрлі сипатқа айналатын шығар деп ойлаймыз.