Бірінші байлық – денсаулық. Адам үшін денсаулық қаншалықты қадірлі болса, осы саланың қызметкерлері соншалықты құрметті болмақ. Осындай құрметті маманның бірі – жоғары санатты медбике Аруна Бекчурина.
Аруна ханым Сырым ауданының орталық ауруханасында 2004 жылдан бері еңбек етеді. Ол қызметінің 13 жылында талай тағдырды көрді, талайына жәрдемін берді. Осы еңбек жылдары ішінде Аруна өз мамандығының қоғам алдындағы салмағын түсінді. 
Аруна Бекчурина - бүгінгі күні емхананың күндізгі стационарлық бөлімінің медбикесі. Шынын айту керек, Аруна ханыммен ана бір арқа – жарқа болып сұхбаттаса алмадық. Бірінші мәселе емхананың күндізгі бөліміне келген адамның бәрі Арунаны іздейді екен, сол себепті әңгімеміз әлсін – әлсін үзіле берді. Екінші мәселе сол, кейіпкеріміз өзі туралы айтуға жоқ адам екен. Есесіне, біздің медбике жайлы емхананың дәрігері Мәншүк Құрмашева өте жақсы пікір айтты.
- Аруна Бекмұратқызы – өз ісінің маманы! – деді Мәншүк Құрмашева. 
- Ол кісі балалармен де, жасы үлкен емделушілермен де тіл табысып тұрып, жұмыс жасайды. Емхананың күндізгі стационарлық бөлімі арқылы айына 120 адам ем – шара қабылдайды. Оның ішінде хирургиялық, неврологиялық аурулары бар адамдар бар, мүмкіндігі шектеулі жандар өз алдына. Осы кісілерге сапалы медициналық қызмет көрсету Аруна сияқты медбикелердің мойынында. Ел де, емхана ұжымы да Аруна Бекчуринаның еңбегін биік бағалайды. – дейді дәрігер өзінің әріптесі туралы. 
Осындай сөзді күндізгі бөлімге ем қабылдауға келген тұрғындардың да ауызынан естідік. Газеттен келген бізді көріп, «Осы қызды жаз! Осы қызды жаз!» деп бәрі Арунаға қарай сілтеді бізді. Сөйтіп отырғанда сұхбат та аяғына жетті. Медбика Аруна бізбенен сыпайы қоштасты да, ем қабылдауға келген науқастарына қарай кетті. Емің қонсын, Аруна!