Бүгін аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық «Балалар саз мектебі» және «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі қарсаңында «Болмыстан бояу іздеген суретші» атты Мұратбек Жоламановтың өмірін баяндайтын көрме ұйымдастырылды. Талантты суретші, жерлесіміз Мұратбек Жоламан не бәрі 33 жыл ғұмыр сүрді. Бірақ қас талантқа осы жылдардың өзі ұлты үшін зор тақырыпты, сом дүниелер тудыруға жетті. Аз өмірін көпке жеткеріп, қыл қалам шебері отыздан аса картинасын ұрпаққа аманаттады. Шара «Қазақстан-Орал» телеарнасы түсірген деректі фильммен ашылып, Мұратбек Жоламанның арманы мен мұңын, қуанышы мен өкінішін жеткізіп, әр жүректі тербеді. Шара барысында «Балалар саз мектебі» директоры С.Сарғозиев Мұратбек туралы естеліктермен бөлісті. Саз мектебінің оқушылары дәстүрлі ән мен күмбірлеген күй ойнап, мерекелік шараны одан әрі жалғастырды.