Кеше М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің акт залында Орал қаласында оқитын Сырым ауданының студенттерімен кездесу өтті.
Аталмыш кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары А.Саркулов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ проректоры Ғ.Жүсіпқалиева, Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева, Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Д.Тайшиев, Сырым ауданының студенттері және БАҚ өкілдері қатысты. 
 Жиында сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева ауданның білім беру саласы бойынша 2015-2016 жылдары 17 жас маман, ал 2016-2017 оқу жылдары 23 жас маман ауылға келгендігін мәлімдеді. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 22 маман, яғни, орыс тілінің мұғалімі қазақ мектептерінде, математика, химия, физика пәндерінің мамандары жетіспейді.
Ауылға келген жас маманға қолдау бар. Бұл сөзге дәлел аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Д.Тайшиевтың баяндамасы. Орталық басшысының айтуы бойынша 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 340 жас көтерме жәрдемақы алған. Ал 110 жас үй сатып алуға бюджеттік кредит алған. Ресурстық орталықтың 2016 жылы тұсауы кесілген «Жастар кадрлық резерві» жобасы аясында 4 жас тұрақты жұмысқа тұрды. Орталық құрылған жылдан бері 343 жас кеңес алуға келсе, 123 маманды жұмысқа орналасты. 
 Ия, расында жастардың білім алып, еңбек етуіне мемлекетімізде көп жағдай жасалған. Мәселен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы еліміздің түкпір түкпіріндегі бітірушілер сәйкесінше жұмыс тауып, еңбегінің жемісін көруде. Сырым ауданында аталмыш бағдарламамен туған жеріне келіп, ауыл игілігі үшін қызмет етіп жүрген жастар аз емес. Мысалы, жиында сөз сөйлеген жас мамандар Ақжан Тасанов пен Арайлым Тресовада жастарға ауылдағы мүмкіндіктің көп екенін тілге тиек етті. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Мирас Жүкей орталықтың жастарға арналған бағдарламаларымен таныстырып өтті. Жиын барысында студенттер ойларында жүрген сауалдарын жолдап, мамандардан толыққанды жауап алды.