Бүгін денешынықтыру сауықтыру кешенінде Сырым Датұлының 275 жылдығы және «Наурыз» мейрамына орай «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Қайсар» спортклубының ұйымдастыруымен ардагерлер арасында волейболдан дәстүрлі аудан біріншілігі өтті. 
Волейбол спорты жұртшылықтың қызыға тамашалап ойнайтын ойыны. Әлемдік рейтингте де екінші орында. Волейболды жаста, кәріде ойнайды. Сол арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, дене шынықтырумен айналысатындар көп. Дәстүрлі біріншілік осы сөзімізге дәлел. Аудандық біріншілікке 40 жастан 50-ге дейін және 50-ден жоғары жастағылар қатысты. Волейбол алаңына барлығы 4 команда шықты.
Сайыс қорытындысында Жосалы ауылдық округінің командасы бірінші орынға орнықты. Екінші жүлде Жымпиты ауылдық округінің командасына бұйырса, үшінші орынды Аралтөбе ауылының командасы еншіледі. Үздік өнер көрсеткен ойыншыларға арнайы номинациялар тағайындалды. Атап айтар болсақ, «Ең үздік ойыншы» Аралтөбелік Қыдырниязов, «Ең үздік шабуылшы» Жымпитылық Шафхат Шамаров, «Ең үздік қорғаушы» Бұландық Қалқаман Мұхамбетжанов, «Ең үздік байланыстырушы» Жосалылық Айтқали Тілекбай атанды.
Айта кетерлігі аталмыш дүбірлі дода үшінші жыл қатарынан өтуде. Үш жыл қатарынан Жосалы ауылы волейболшыларының асықтары алшысынан түсіп, жеңімпаз атанды.