Жосалы ауылдық округінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі аталып өтті. 
Биылғы ұйымдастырылған шара жылдағыдан ерекше аталып өтті. Алдымен мектеп оқушыларының арасында қазақтың ұлттық ойыны «Тоғызқұмалақ» жарысы өткізілді. Ауыл жастары, ардагерлер, мектеп оқушыларынан құрылған командалар арасында волейболдан, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресінен жарыс өткізілді. Аталған жарыстарда қаладан арнайы келген жастар командасы жеңіске жетті. Ер азаматтар арасында тірілей қой көтеру жарысы оздырылды. Бұл жарыста Рахметкалиев Асылхан 200 рет қой көтеріп жеңіске жетті. Тамды ауылы мен Қоңыр ауылының тұрғындары көше бойынша топтасып, ұйымшылдықпен жеті команда құрылып, қазақтың ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрін, өнерін көрсетуден бақтарын сынады. Бұл жарысқа әр көшенің ақсақалды қариясы мен ақ жаулықты әжелері, орта жастағы аға-апаларымыз, жастар, балалар барлығы өте жақсы ұйымшылдықпен қатысып, домбырамен күй тартып, баян мен ән шырқап, би билеп өнерлерін ортаға салды. 
Бас жүлдені 36 ұлттық тағам түрін арнайы ұлттық нақышта жасалған ыдыстарға салып дайындаған Абдолла Жұмағалиев көшесінің тұрғындары еншіледі. Белі жері тимеген палуандар сайысы шараның көркін қыздыра түсті. Қаладан арнайы келген палуан ұлдарымыз аянып қалған жоқ. Түйе палуаны атағын жерлесіміз, самбодан Қазақстанның спорт шебері Мағзомов Нұрхан жеңіп алды. Шараның соңы ұтыс билетін ойнату мен қорытындыланды. Мерекелік шараға округтегі «ҚадырЖанҚанат» ЖШС, «Жанқожа», «Азамат», «ГауМар», «Рамазан», «Дос», «Талап», «Қаратай» шаруа қожалықтары, «ДамуҚоңыр» АШТК, жолаушы тасымалдаушы А.Аманғалиев, Б.Акмаганбетов, Ж.Иманкуловтар қаржылай демеушілік жасады.