Кешегі жұмада аудандық мәдениет үйінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын түсіндіру туралы жиналыс өтті. Аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев төрағалық еткен жиналысқа БҚО ауылшаруашылығы басқарма басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағанбетов және БҚО кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасының басшысы Руслан Сапарғалиев және Ақжайық, Теректі, Қаратөбе және Сырым ауданының шаруалары қатысты. Ауыл шаруашылығы кооперациясын құру – мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың аграрлық секторды дамыту жөніндегі тапсырмасының бір бағыты. Кооперацияларды құру бөлек әңгіме, оны аяғынан тұрғызу, ізге салу – алдағы аса бір маңызды шаруаның біреуі осы. Мемлекет бұл мәселеге қатысты өзінің шешімін де ұсынып үлгерді. Мемлекет ауыл шаруашылығы кооперациясы қызметтерінің шығындарын өзі субсидиялайды. Ебін тауып, есебін білгенге бұл қолдаудан игілік көп сыңайлы. Бүгінгі күні аудандар жеке қосалқы шаруашылықтарды кәсіпкерлікке тарту және жұмыспен қамтудың өнімді шараларын жүргізу мақсатында «Береке» бағдарламасын белсенді жүзеге асыруға кірісті. Бұл бағдарламаның жүзеге асыру көрсеткіші Сырым ауданында 102 пайызды құрап отыр. Жиналыста БҚО «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бойынша АҚ филиалы мен БҚО «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалының өкілдері өз мекемелерінің құзіретінде ұсынылатын тиімділіктерді атап көрсетті. Жиналыстың көп бөлігі шаруалардың сауалына берілді. Осындай жиналыс түстен кейін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өтті.