Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 130 жыл толуына орай «Алашым – айбыным!» атты музей қызметкерлерінің облыстық семинар – кеңесі өтті. 
Кеңес жұмысына Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, өлкетанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Жайсаң Ақбай, Батыс Қазақстан Гуманитарлық Академиясының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, БҚО тарихи – өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев және Ж. Досмұхамедовтың жиені Маржантас Дәулетова қатысты. Семинар қатысушылары әуелі аудандағы тарихи – мәдени нысандарда болды. 
Дербес қазақ мемлекеттілігін жүзеге асыруды көздеген Алашорда үкіметінің идеясы қазақ зиялыларының ортақ идеясына айналғаны белгілі. Бұл идея үшін қазақ оқығандары білімін, тәрбиесін, тәжірибесін, күшін ғана емес, керек жерінде жеке басының бостандығы мен өмірін де сала білді. Алаш қозғалысы күнінде Кеңес үкіметіне осынысымен қауқар көрсетті, қазақ үшін де осынысымен қымбат. Семинар – кеңестің күн тәртібіне баяндама жасау үшін жазылған ғалымдар мен тарихшылардың ортақ айтқаны осы әңгіме болды. Белгілі алаштанушы Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, жаңағы Алаш идеясына күллі Қазақстанды енгізуге болады. 
Кеңестің барысында баяндамашылар бірқатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде, Батыс Қазақстан облысынан Алаш тақырыбы үшін арнайы ғылыми орталық ашу мәселесі бар. Бұл мәселе - соңғы онжылжықтың ішінде жиі көтеріліп, бірақ жүзеге аспай келе жатқан мәселе. Музей қызметкерлері облыс көлеміндегі мектептердегі музейлерде Алаш тақырыбына бұрыштар ұйымдастыру керек деген ұсыныс айтты.