Кеше аудандық мәдениет үйінде «Аяулы жас келін» аудандық жас аналар байқауы өтті. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай, «Нұр Отан» партиясының «Ұлы дала қазынасы» бағыты, «Мейірімді көктем» акциясы аясында өткен байқауға 11 жас келін қатысты. Атап айтар болсақ, А.Тулешова (Алғабас ауылы), Айзада Зозанова (Аралтөбе ауылы), Д. Тасқалиева (Бұлдырты ауылы), Н.Хайролла (Жамбыл ауылы), И.Зайғалиева (Жетікөл ауылы), Н.Жайманова (Жырақұдық ауылы), Г.Әуелбайқызы (Қарағанды ауылы), И.Құрмашева (Қособа ауылы), Б.Батырова (Сарой ауылы), Г.Кешимова (Талдыбұлақ ауылы), Р.Ахметқалиева (Тасқұдық ауылы), А.Айтакашева (Тоғанас ауылы) қатысты.
Сайыс «Мен қазақтың келінімін», «Отбасыма жайған дастархан», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын», «Шебер қолдар», «Өнер сайысы» сынды кезеңдерді қамтыды. 
Ибалы да, инабатты, ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған, оған қоса табиғи өнерлерімен көрерменді сүйсіндіре білген жас аналарымыздың арасынан ең мықтыны таңдау әділқазылар алқасына оңайға түспеді. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Сарой ауылдық округінің келіні Батима Батыроваға бұйырды. Талдыбұлақтық Гүлмаржан Кешимова, Бұлдыртылық Динара Тасқалиева, Жамбылдық Нұргүл Хайроллалар жүлделі орындарды өзара бөлісті. Қарағандылық Гүлжүзім Әуелбаева «Өнерлі келін», Қособалық Индира Құрмашова «Шебер келін», Тоғанастық Анара Айтакашева «Зерделі келін» аталымдарымен марапатталды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.