Батыс Қазақстан облысы бойынша ХҚКО департаментінде «Жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Оған Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының және «Нұр Отан» партиясының қоғамдық кеңесінің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң мен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын талқылады.

 «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалының кеңесшісі Біржан Кухаев атақ-абыройын сақтай отырып, жұмыс жасап, өмір сүретін, өз елін құрметтейтін азаматтың қандай болуы керектігі турасында жеке тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде: «Қорытындылай келе, біздің қоғамда жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Бұл құбылыспен тиімді күресуге тек барлық азаматтық институттардың күштерін біріктіру  арқылы ғана қол жеткізуге болады» деп атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар арасында сындарлы сұхбат құрылып, ХҚКО департаментінің қызметкерлері аталмыш заңнаманың тармақтарын толықтай қолдайтындықтарын білдірді. Мұндай кездесулер ХҚКО бөлімдерінде дөңгелек үстел, ашық есік күні немесе «сұрақ-жауап» форматында ай сайын өткізіліп тұрады.