Сырым ауданына дұрыс жұмыс жасайтын аңшылардың қоғамдық бірлестігі керек. 
Бүгін Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиынға қатысқан ауданның аңшылары осы мәселені айтты.
Негізінен, аңшылар мен балықшылардың қоғамдық ұйымы Сырым ауданында 2013 жылдан бері жұмыс жасайды. Жасағанымен, бірлестіктің мүшелігіне тіркеліп, тұрақты жарнасын төлеп жатқан ешкім жоқ. Құрамы азаңдау болғасын, ұйымның да қабілет – қарымы төмен. Дардай ауданда отырып, бір бірлестіктің жұмысына қолдау көрсете алмау - ауданның аңшылары мен балықшыларына, жалпы саятты жақсы көретін адамдарға сын. 
Қадағалау әлсіз болғасын, ауданның жануарлар дүниесіне заңсыз қол салатындардың қатары артып кетті соңғы уақытта. Мылтық атқанға мәз болып, қарайған аңды қыра беретін қазақтың бай – бағландары мен басшы – бастықтары біткендей, Сырым ауданындағы тоғайлар мен ормандар кейінгі кездері Самара, Саратовтан асай – мүсейлерін тиеп келіп, апталап жататын орыстардан да босамай кетті. Біреулерге қызық керек, ал табиғи ресурс зардап шегіп жатыр. Осы мәселені аудан әкімінің есептік кездесулерінде ауылдардың тұрғындары да айтты. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жаңағы жиында БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженов қалыптасқан жағдайға байланысты аудандағы аңшылардың пікірін сұрады. 
Тәжірибелі аңшы Махмет Қажиахметов аңшылардың өкілеттілігін кеңейту керек деп есептейді. Ауылдың аңшысы қаскөйлікке барған емес. Қаскөйлік келімсек аңшылардан келеді. Ауылдың аңшылары оларға ескерту жасауға ғана құқылы. Ал, ескертуді кім тыңдап жатыр? Сондықтан, жергілікті аңшыларға өз аймағына сөзін жүргізе алатындай құзірет керек. Аудан аңшылары мен балықшылары осы ұсынысты мақұлдап отыр. 
Жиында осы және өзге де мәселелер сөз болды. Алдағы уақытта ауданның аңшылары мен балықшылары бұл мәселелер жөнінде тағы да бас қосады. Пікіріңіз болса, келіңіз!