Өткен сенбі Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл және Ж.Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған мекеме қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада басталды. Шараның салтанатты ашылу салтанаты денешынықтыру сауықтыру орталығында өтті. Спартакиаданың ашылу салтанатына орай аудан әкімі А.Шыныбеков құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Спартакиаданың алғашқы күні командалар волейбол ойнады. Спортты жандарына серік еткен мекеме қызметкерлері көш бастау үшін аянып қалмады. Қорытынды бойынша «Денсаулық» командасы жеңімпаз атанса, «Бірлік» екінші орынға табан тіреді. Ал үшінші орынды Қ.Мырзалиев атындағы ОМ командасы еншіледі. 
Жалпы жарысқа «Ынтымақ», «Мәдениет», «Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп», «Денсаулық», «Бірлік», «Барыс», «Айбын», «Динамо» командалары қатысты. Спартакиада волейбол, баскетбол, үстел теннисі, дойбы, қазақ күресі, асық ату, қол күресі, шағын футбол, арқан тарту, жеңіл атлетика сынды ойын түрлерінен 6 мамырға дейін өтеді.