Қайырымдылық - мейірімділіктің іс жүзіндегі бір көрінісі. Қайырымдылық - мүдделі, кіріптар, көмекке құштар адамдарға іс жүзінде жақсылық жасау. Қазіргі заманда адамдар «қайырымдылық қауымдастығын» ұйымдастырып, сол арқылы жеке адамдарға, әрі асса, бүкіл елге қайырымдылық жасайды. 
Сөзіме дәлел ретінде Сырым ауданында жаңадан ашылған «Нұрлы болашақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігін айтуға болады. Құрылғанына аз уақыт болсада қоғамдық бірлестік өз жұмысын сәтті бастады. Бүгін «Жолаушы» мейрамханасында «Мейірімді көктем» акциясы аясында «Нұрлы болашақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін тәтті дастархан жайды.
Шара барысында қоғамдық бірлестік төрайымы Нұрсұлу Жүсіпова құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық бірлестікті құрудағы мақсатымен таныстырып өтті. Төрайымның айтуы бойынша қоғамдық бірлестікті ашудағы басты мақсат – қоғамда өмір сүріп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Бірлестікті аудандағы 10 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бірлесіп құрған. 

Мейрамханада ұйымдастырылған тәтті дастархан барысында аудандық «Демалыс орталығы» жанынан құрылған «Жастар театры» және «Балалар мен жасөспірімдер» орталығының өнерпаздары түрлі ертегі кейіпкерлері болып киініп, өз өнерлерін ортаға салып, кеш қонақтарына әдемі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында азық-түлік дүкендерінен сауда жасау мүмкіндігін беретін 5000 теңгенің сертификаттары табысталды.