Сырымдық оқушылар арасында ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығы аясында «Айбын» әскери-патриоттық ойындары оздырылды.  Үшінші рет өткізілген «Айбын» әскери-патриоттық ойындарына ауданымыздың түкпір-түкпірінен 140-қа жуық оқушы қатысты.
Қатысушылар белтемірге тартылу, таянып жатып қолды бүгіп-жазу, арқан тарту, пневматикалық винтовкадан ату жарысы, АК-74 қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау, әскери эстафета, «Менің роботым» робот техникасы байқауы, «Эрудит» интеллектуалдық ойыны бойынша шеберлік байқасты. Сынақ алаңында әскери әдісті қаншалықты меңгергендіктерін аңғартты. 
Әскери-патриоттық мектептердің үздік оқушылары басын қосқан жиында бәсекелестік те жоғары болды. Жарыс қорытындысы бойынша 3 орынды ЖББ Қ.Мырзалиев мектебі еншілесе, 2 орынға Жосалылық ЖББ А.Жұмағалиев атындағы орта мектеп оқушылары табан тіреді. 1 орынды бәсі биік Бұлдыртылықтар қанжығаларына байлады.
Жастарды отансүйгіштікке баулып, патриоттық сезімін қалыптастыруға бағытталған «Айбын» әскери-патриоттық жиынын келешекте дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарда. Шараны басты ұйымдастырушылар Сырым аудандық «Білім беру бөлімі» мен Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.