Сырым аудандағы кәсіптік - техникалық колледждің директоры Санат Берсебаев пен осы оқу орынының оқытушысы Армат Өтегенов кейінгі буынға спорттық – патриоттық бағытта тәрбие берудегі еңбектері үшін «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Марапаттар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың атындағы «Қос аққу» спорттық – патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің кеңесінің шешімімен беріліп отыр.
Медальдарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі Атырау қаласында өтті. Санат Берсебаев пен Армат Өтегеновтің осы қалада өткен ҚР Білім және ғылым министрлігі, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті және Қазақ спорт және туризм академиясы жалпы білім беретін мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен әдіскерлерге арналған республикалық ғылыми – әдістемелік, тәжірибелік семинарға қатысып келгенін де айта кетейік. 
Бүгінгі күні жас ұрпақты спортқа ынталандыру, соның ішінде патриоттық мінез қалыптастыру – Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған рухани жаңғыру мәселесі үшін керек болып отыр. Осы мәселеге қашанда беті бұрылулы жүретін қоғам белсендісі, белгілі спортшы, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Санат Берсебаевтың жоғарыдағы марапатқа ие болуын әбден лайықтыға санаймыз. Санат Дәленұлының әріптесі Армат Өтегенов те соңғы жиырма жылдың ішінде өзінің педагогтық қызметін адал атқарып келеді. Армат Өтегенов – колледж студенттерін спортқа баулып қана қоймай, аудан, тіпті мекемелері арасында өтетін спорттық сайыстарда колледж ұжымының алдыңғы орындарды алуына да үлкен себеп болып жүр.