Бүгін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков ҚР Журналистер Одағының мүшесі Мүсірбек Айташевті қабылдады. Жуырда мерейлі 60 жасқа толғалы отырған тәжірибелі журналисттің ауданның қоғамдық – саяси өміріне баспасөз қызметкері ретінде сіңірген еңбегі айтуға тұрарлық. Осы үшін алғысын айтқан аудан басшысы әріптесімізге құттықтау хатын табыс етіп, иығына шапан жапты.
Салтанатты қабылдауға қатысқан «Орал өңірі» облыстық қоғамдық - саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметов, журналист Сәкен Әбілхалықов та абзал әріптес Мүсірбек Айташевты мерейлі жасымен құттықтап, ең бір жылы тілектерін білдірді. Жарты сағатты шамалаған жылышырай жүздесудің сәтінде еңбек майданындағы естеліктерді айтылды, жұмыстың жолында жолыққан жақсы адамдар әңгімеге айналды. 
Мүсірбек Айташев 1957 жылы Қаратөбе ауданының Соналы деген ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан өңірінде жарық көретін «Еңбек туы», «Еңбек - Труд» сияқты басылымдардың басында қызмет атқарған. 1996 – 2006 жылдары облыстық «Орал өңірі» газетінің Сырым және Қаратөбе аудандары бойынша меншікті тілшісі болды. 
1986 жылдан бері негізгі қызметті «Сырым елі» (бұрынғы «Қайнар» газеті) қоғамдық – саяси газетінде атқарып келеді. Бүгінгі күні Мүсірбек Айташев жергілікті газеттің жауапты хатшысы болып жұмыс жасайды.