Бүгін Сырым ауданында «Мейірімді көктем» акциясы аясында 29 сәуір – Халықаралық би күніне орай би ұжымдарының арасында «Би – ғажайып әлем» фестивалі өтті. Фестивальге ауданның үздік би ұжымдары қатысты. Орталық алаңда алдымен салтанатты марапаттау шарасы оздырылды. «Мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт» бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов құттықтау сөз сөйлеп, аудандымызда би өнерін дамытуда сүбелі үлес қосып жүрген би ұжымдарының жетекшілеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Марапаттау рәсімінен соң Үлгілі «Жауқазын»,«Аружан», «Айналайын» және «Айша бибі», «Айкөркем», «Балауса» би топтары әртүрлі бағыттағы биден шашу шашты.
Өнердің ең нәзік, сыршыл түрі бидің қыр-сырын жетік меңгерген би топтары бұл күні – тілмен жеткізе алмайтын жайтты, бимен жеткізіп берді. Оған дәлел, Гүлшат Нұрмұханова жетекшілік ететін «Айналайын» би тобының «Аңшылар» этно биін орындауы, Айнагүл Сарғозиева жетекшілік ететін Үлгілі «Аружан» би тобының қазақ қыздарының сұлулығын бейнелейтін «Сылқым сұлу» биі, Бақтығаным Жұмағалиева жетекшілік ететін Үлгілі «Жауқазын» би тобының «Фламенго» сынды билерін нақышына келтіріп орындаулары. Аталмыш би топтары тек қана аудан көлемінде емес, облыстық, республикалық байқауларда аудан намысын қорғап жүрген танымал өнерпаздарымыз. Мерекелік шара барысында аудандық мәдениет үйінің Н.Байнияз, А.Жұма, Г.Упағалиева, Н.Болат, Б.Қанатов сынды әншілері шараны көркемдеді.