Бүгін Сырым ауданында алғаш рет «І аймақтық Қадыр оқулары» оздырылды. Аталмыш байқауға Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал облысының 40-қа жуық жыр жанашырлары қатысқан болатын. 
Заманымыздың заңғар ақыны жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің құрметіне орай ұйымдастырылған байқау 3 бағытта өткізілді. 
Дарабоз ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі атындағы «І аймақтық Қадыр оқуларының» «Сөздің бәрі құдіретті...», яғни Қ.Мырзалиевтың шығармаларын жатқа оқу бағыты бойынша Бас жүлдені Сырым ауданы, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Асылгүл Шаужан иеленді. 
Ал «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» кезеңінде, яғни, Қ.Мырзалиевтың сөздеріне жазылған әндерді орындау бойынша Бас жүлдені Ақтөбе қаласы, №32 орта мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Айхат Едіге жеңіп алды. 
«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін...» кезеңінде қатысушылар Қ.Мырзалиевке арналған өз шығармаларын оқу керек болатын. Бұл бағыт бойынша Атырау облысы, Индер ауданы, Махамбет атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Дильназ Борисова Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Байқауда басқа қатысушыларға қарағанда оқ бойы оза шапқан Тасқала ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы ЖББОМ 6 сынып оқушысы, байқаудың ең жас қатысушысы Ғазез Қасымжомартәліге Сырым ауданы әкімдігінің арнайы сыйлығы, ноутбук табысталды.
Қорытынды марапаттау кешінде аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақынның жолдасы Салтанат апамызға Қадыр ақынның «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Мұса Сұлтанғалиевтың майлы бояумен салған портретін сыйға тартты.